Алматы облысында жоғалған баланы іздеу кезінде ер адам көз жұмған: Халық марқұмды марапаттауды ұсынды
Әлеуметтік желіде 19 тамыз күні Алматы облысында жоғалған баланы іздеу кезінде Шығыс Қазақстан облысының тумасы Мадиханов Асанның қаза тапқаны айтылуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желі қолданушылары Асанның ерлігін айтып, жағымды пікірлерімен бөлісуде. Сондай-ақ президенттен оны марапаттауды сұрады.
“Асан Мадиханов 1973 жылы туған. Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Бұрын спортшы болған. Өте мейірімді адам еді. 19 тамыз күні Қаскелең өзенінің арнасына құлаған баланы іздеу кезінде қайғылы жағдайда қаза тапты. Әрқашан бәріне көмектесіп жүретін. Тек жақсылық қана жасады. Артында қызы мен ұлы қалды. Ешқандай алғыс сөздері оның еңбегінің жанында өлшеусіз. Мыңдаған сөздер оның әрекетінің артында із қалдырмайды. Асан қаскелеңдіктердің есінде мәңгіге қалады. Оны марапаттайды деп үміттенеміз”, – деп жазған әлеуметтік желі қолданушысы.
Айта кетсек, бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы облысында жоғалып кеткен баланы іздеу кезінде ер адамның суға батып кеткені туралы ақпарат тараған болатын.
Іздеу жұмыстарына көмектескен еріктілердің бірі оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
“Бізге баланы іздеу жұмыстары тоқтатылғанын, енді тек мамандар ғана іздеуді жалғастыратыны туралы айтылды. Алматының төтенше жағдайлар басқармасы мұндай ақпарат таратқанда, біз түсінбей қалдық. Өзеннің жаны қауіпті еді. Ерікті әйелдер мен жастардың ол жаққа бармағаны дұрыс, тек мықты және тәжірибелі ер адамдар қажет деп айтылды. Ол кезде – біз Әлиді құтқару кезінде, ерікті болып іздеуге шыққан ер адамның бірі өзенге ағып кеткені туралы білмеген едік”, – деп жазды еріктілердің бірі.