Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

АҚШ-тан қымбат көліктерді арзан бағамен аламыз деп ойлаған қазақстандықтар алаяқтарға алданды

Ондаған қазақстандық көлік алаяқтарына алданып қалды. Олар АҚШ-тан келген қымбат автомобильдердің алғашқы жарнасы ретінде алаяқтарға 5-20 миилион теңге аралығында қаражат аударған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап. 

алданып қалған

Маусым айының соңына дейін алаяқтар азаматтарды кеңсеге шақырып, келісімшарт жасасқан. 

"Олар заң жағын, кеден туралы бәрін жатқа біледі. Соған сенгендіктен күдігіміз болмады. Бұған қоса АҚШ-тан көлік қалай әкелінетінін, барлығын айтып берді”, – дейді алданған азаматтардың бірі Ерхан Асқаров. 

Алаяқтарға алданып, сан соғып қалған қазақстандықтардың айтуынша, олар танымал автокөлік сайтынан шетелдік көліктерді сату туралы жарнамаларға кезіккен. Азаматтар ондағы автомобильдердің бағасы нарықтан төмен екенін көріп, мұндай мүмкіндікті жіберіп алмауды ойлаған. Алданғандардың арасында Алматы, Атырау, Қарағанды, Теміртау, Павлодар қалаларының тұрғындары бар. Олар бір-бірін желідегі пікірлер арқылы тауыпты. 

Кристина Султанова trade in бағдарламасы арқылы ескі көлігін жаңасына ауыстыруды ойлаған. 

"Біз он миллионға жуық қаражат аудардық, әр адам әртүрлі сомада ақша жіберген. Бізге көліктер келеді деп уәде етілді. Ең соңғы рет кеңседе болғанда қазір кедендік рәсімдеу жүріп жатыр, біткен соң көлігіміз қолымызға тиеді деп сендірген еді”, – дейді Кристина Султанова. 

Кеңсені жалға алғандардың қайда кеткені туралы мердігерлер де білмейтін көрінеді. Жәбірленушілер алаяқ ұйымның басшысы мен қызметкерлері – Ресей азаматтары, тек біреуі ғана қазақстандық екенін анықтапты. 

"Олар басқа қалаға көшіп кетеді де, жазасыз қалады. Онымен қоймай тағы да құйтырқы әрекеттеріне көшеді”, – дейді алданғандардың бірі Дмитрий Каратаев. 

Жәбірленушілер бірлесіп арыз жазған. Оған барлығы 21 адам қол қойған. Келтірілген шығын жүз миллион теңге шамасында. Бірақ тағы да алданғандар табылса, одан асып кетуі де мүмкін. Оқиға бойынша “Аса ірі көлемдегі алаяқтық” бабы негізінде қылмыстық  іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кетті. 

Еске салсақ, бұған дейін алматылықтар тиімді жолмен көлік аламыз деп сан соғып қалғаны айтылған еді. 


Талқылау