"Көшеде жүрген баланы алдап, үйіне кіргізген": Түркістан облысында бес жасар баланы зорлаған үш баланың әкесі сотталды
Түркістан облысында ер адам көшеде ойнап жүрген баланы алдап үйіне кіргізіп, зорлаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға Түркістан облысы Шұбарсу ауылында болған. Көшеде ойнап жүрген бес жастағы баланы ер адам "Үйге жүр, балаларыммен ойнайсың" деп үйіне кіргізіп алған. Бұдан соң бүлдіршінді етпетімен жерге жатқызып, екі қолымен жылыту құбырын ұстатқызып зорлайды.
Педофилдің баланы қалай қорқытқаны белгісіз, бірақ бүлдіршін болған жайды ата-анасына бірден айтпаған. Келесі күні ғана бала ішінің ауыратынын айтып шағымданғанда, анасы оны тексеруге апарған. Тек сонда ғана оның денесінен зорлық-зомбылық іздері анықталған. Содан кейін бала көршіснің үйіне қалай барғанын және соңында не болғанын айтып берген.
"Анасы дереу полицияға арызданған. Сараптама зорлық-зомбылық фактісін растап, үш баланың әкесіне қатысты кәмелетке толмаған балаға жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершілікті қарастыратын бап бойынша қылмыстық іс қозғады", - дейді Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты.
Азаматтың өзінің үш баласы бары анықталды.
Осылайша полиция қызметкерлері оны қамауға алып, ҚК 121-бабының 4-бөлімімен (Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері) істі сотқа жеткізген. Оған қатысты сот үкімі шықты.
Оның қылмысы сот сараптамасының қорытындысы, жәбірленуші мен куәлардың жауаптары арқылы дәлелденді. Сот үкім шығарарда оның бұрын сотталмағанын, қылмысына шын өкінгенін ескерді.
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімімен азамат 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздігі жоғары, яғни қатаң режимдегі түрмеде өтейді. Сот үкімі күшіне енді.