Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылорда облысында емхананың құрылысына бөлінген ақша талан-таражға түскен

Қызылорда облысы Арал ауданына қарасты Сексеуіл кентінде осыдан үш жыл бұрын іргесі қаланған аурухана ғимаратының құрылысы аяқсыз қалған. Себебі құрылысқа бөлінген қыруар қаржы ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткен. Соның салдарынан кент тұрғындары емделу үшін аудан орталығына қатынауға мәжбүр болып отыр. Ауылдықтардың назын Stan.kz тыңдады. 

Қызылорда облыстық құрылыс, сәулет жәнн қала құрылысы басқармасының мәліметіне сүйенсек, сол кездері, яғни, 2019 жылы аталмыш құрылысты бастауға 50 млн. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілген. Алайда кейіннен іргетасы құйылып, төрт қабырғасы ғана қаланған ғимарат құрылысы тұралап қалды. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын аяқсыз қалдырды. Кейіннен құрылысқа бөлінген қаржының талан-таражға түскені белгілі болды. Ал кент тұрғындары дертіне шипа іздеп аудан орталығына қатынаудан шаршағанын айтады.

Бүгінде 20 мыңнан астам тұрғыны бар ауылда сапалы медициналық көмек алу мұңға айналған. Басы ауырып, балтыры сыздаса, 60 шақырым жердегі Арал қаласына қатынайды. Алғашында жаңа да жайлы аурухана салынатынын естіген тұрғындар зор қуанышқа бөленген еді. Жол азабын тартқан сырқат жандар кенттің өзінен заман талабына сай жаңа аурухананың ашылатын сәтін асыға күтті. Алайда іргетасы құйылып, төрт қабырғасы ғана қаланған ғимарат құрылысы тұралап қалды. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын аяқсыз қалдырды. Кейіннен құрылысқа бөлінген қаржының талан-таражға түскені белгілі болды. Ал кент тұрғындары дертіне шипа іздеп аудан орталығына қатынаудан шаршағанын айтады.

"Негізінен кенттің бір емдеу орнына сұранып тұрғаны баршаға аян. Бұрынғы ауруханасыз тозығы жеткен. Жаңбыр жауса төбесінен су сорғалап, онсыз да сырқаттанып жатқан жандардың денсаулығына кері әсер етеді. Ешқандай талапқа сай емес. Сондықтан заманауи ауруханада ем аламыз деп зор үмітпен қараған едік. Бірақ құрылыс жұмыстары сиырқұйымшақтанып кетті. Бүгін емхана ғимаратының төрт қабырғасы ғана тұр. Оның қашан жалғасып, пайдалануға берілетінін білмейміз. Әсіресе аяғы ауыр әйелдерге қиындық туғызуда. Өйткені ауылымызда перзентхана жоқ. Аудан орталығына барып жүр" - дейді ауыл тұрғыны Жоламан Жолдасов.

Бүгінде құрылыс басында өлі тыныштық орнаған. Кірпіштер бей-берекетсіз шашылып, қараусыз жатыр. Кент тұрғындарының айтуынша, аурухана құрылысын жүргізуге басқа мердігер компания тартылатын көрінеді. Сонымен қатар емдеу мекемесінен гинекология кабинеті ашылып, екі мейірбике жүкті әйелдерге емін жасайтыны айтылған. 

Ал Сексеуіл кентінің әкімі Сәкен Төрешов аурухана төңірегінде көптен бері түйткілдің түйіні тарқатылмай отырғанын жоққа шығармады. Қаржылық құйтырқылықтан тұралап қалған құрылыс жұмыстарын қайта жандандыру мақсатында тиісті шаралар жүргізіліп жатқанын алға тартады.

“Негізінен емхана құрылысы 2019 жылы басталған. Алғашқы жылы қажетті қаржының бір бөлігіне жұмыстар жасалды. Алайда бертін келе құрылыс жұмыстары тұралап қалды. Кент халқы тағатсыздана күткен құрылыс жұмыстарының аяқсыз қалуы қаралған қаржының мақсатсыз жұмсалғандығынан болғандығы жалпақ жұртқа мәлім. Нәтижесінде қыруар қаржы желге ұшты. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жалғастыру мақсатында қайта зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта емхана құрылысы толығымен аяқталып, ел игілігіне пайдалануға беріледі деп үміттенеміз”, –  деп түсіндірді  әкім.

Кент әкімінің айтуынша, бүгінде халыққа ескі емхана қызмет көрсетуде. Алайда 25 төсек-орындық бұл ғимараттың тозығы жеткен, әрі халық саны жылма-жыл артып отырған өңірде ескі ғимарат тар болып түр. Оның үстіне гинекология сынды медициналық мамандар жетіспеушілігі тағы бар. Сондықтан да жаңа емхана ғимаратының қажеттігі өзектілігін жоғалтпақ емес.

Негізінен кентте іргесі қаланған емхана 40 төсекке бейімделген. Облыстық бюджеттен қаржыландырылған нысанның бас мердігері "Атамекен" ЖШС болып табылады. Негізінен алғашында құрылыстың ұзақтығы нормативке сәйкес 21 ай деп есептелген. Сол кездері облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы таратқан ақпаратқа сәйкес құрылыс жұмыстарына қажетті қаржы уақытылы бөлінсе, 2021 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп күтілді. Алайда әне-міне пайдалануға беріледі деумен үш жыл уақыт өткен.  

 Бүгінде құрылысы тоқыраған емдеу мекемесіне облыс, аудан әкімдері арнайы барып, жай-жапсарын көзбен көрген. Алайда ел игілігіне пайдалануға беру мерзімі әлі де нақты айтылмай отыр.

Дайындаған: Ербақыт Жалғасбаев

 

Талқылау