Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Білім гранттары бойынша ауыл квотасы 5 пайызға артады – Вице-министр

Білім және ғылым вице-министрі Қуаныш Ерғалиев мемлекеттік білім беру гранттары бойынша ауыл квотасының 35 пайызға көбейтілетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Биыл біз ауыл квотасын 35 пайызға дейін арттырамыз. Осылайша квота тағы 5 процентке өседі. Үкіметке тиісті ұсыныс енгізілді", – деді Ерғалиев мәжілісте өткен үкімет сағатында.

Вице-министрдің айтуынша, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша ауыл квотасы көп жағдайда игерілмей жатады. Оны жыл сайынғы статистика да растап отыр. Себебі мектеп түлектері ондай мамандықтарға құжат тапсырмайды.

"Гранттар жетіспей жатқан жоқ, мемлекеттік тапсырыс жетеді. Мәселе мынада, жастар ауылдағы мамандықтарға бармайды. Себебі жалақысы аз, мәртебесі төмен, әлеуметтік пакеті де мардымсыз. Бұл – кешенді проблема. Мысалы, былтыр 21 процент грант игерілмей қалды", – деп атап өтті Ерғалиев.


Қазақстанда жоғары оқу орындарында оқытудың онлайн түрі енгізіледі


Ал мәжіліс депутаты Павел Казанцевтың ойынша, бүгінде қала балалары ауыл квотасын өз пайдасына іске асырып жатады.

"Әріптестерімнің айтуына қарағанда, сол 30 пайыздық квотаға қала балалары да кіріп кетеді. Оқу соңында ауылға үш айға барады да, квотасын алғаннан кейін кетіп қалады, ветеринарияда қалмайды", – деді спикердің орынбасары.

Айта кетсек, ауыл квотасының нақты мамандықтары бар. Оны үкімет елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қарай анықтайды. Ал конкурс кезінде гранттардың 30 пайызы тек ауыл балаларына ғана бөлінеді. Биылдан бастап оның көлемі 35 пайызға дейін артады.

Талқылау