Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

«Қазақстан халқына» қоры сирек дертті төрт балаға қымбат дәрі алып берді

"Қазақстан халқына" қоғамдық қоры сирек кездесетін дертке шалдыққан 4 бүлдіршінге қымбат дәрі алып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК” арнасына сілтеме жасап.

Жұлынның бұлшықеті атрофиясының емі Қазақстанға да жетті. Бұрын бұл сырқатқа шипа болатын құны 1 миллард теңгелік Zolgensma препараты тек шетелде салынатын. Енді елде де бұл препаратты қабылдау мүмкіндігі болады.

“Қызымның ауырғаны айдан асқанда белгілі болды. Қол-аяғы қимылсыз қалды. Емді осы Қазақстанда 27-наурызда алды. Бұрын шетелде алатын болса, енді өзіміздің Қазақстанда алып жатыр. Қазір қызымның жағдайы жақсы. Бірқалыпты. Қызым төрт айлық”, – дейді Ақтөбе облысының тұрғыны Бақсиық Сатығалиев.

Жұлынның бұлшықеті атрофиясына шалдыққан тағы үш бүлдіршін 8-сәуірге дейін Zolgensma препаратын алып болады. "Қазақстан халқына" қоры тек қымбат дәрінің құнын төлеп қана қоймай, оны енгізетін мамандарды даярлау шығынын да қаржыландырады.

"Бұрын шекараның ар жағында ғана мүмкін болған емді елден шықпай-ақ атқаруға жағдай жасап жатырмыз", –  дейді Қор өкілдері. Бүгінге дейін "Қазақстан халқына" қоғамдық қорына 72 мың донордан 125 миллиард теңгеден астам қаржы келіп түскен. Қор 175 азаматқа көмек қолын созған.  Оның ішінде қаңтар оқиғасынан зардап шеккендерге 500 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Алдағы күндері Қор мұқтаж жандарға білім, онкология, трансплантология бағытында да көмек көрсетуді жоспарлап отыр.

“Қаңтар оқиғалары кезінде ауыр жарақат алған 106 әскери қызметшілер. Қайтыс болған 19 әскерилердің отбасына көмек берілді. Одан кейін  кенет қайтыс болған 8 адамға көмек көрсетілді. Оның ішінде бесеуі кішкентай бала. Жақындарына да көмек көрсетілді”, – дейді "Қазақстан халқына" қорының ресми өкілі Әйгерім Есенәлі.

Талқылау