Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Денесін ауыл шетіндегі егістік алқапқа көміп кеткен: Алматы облысында іздеуде жүрген келіншек өлі күйінде табылды

Алматы облысының 29 жастағы тұрғыны қызғаныштан бұрынғы әйелін тұншықтырып өлтіріп, мәйітті колхоз маңына көміп тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жас келіншекке іздеу жарияланып, үш аптаға жуық іздестірілді.

Облыстық полицейлердің мәліметінше, факт Көксу ауданында тіркеліп, 9 наурыз күні полицияға Ақшатоған ауылының тұрғыны 25 жастағы қызының жоғалып кеткені туралы арызбен жүгінген.

Белгілі болғандай келіншек 7 наурыз күні із-түзсіз жоғалып кеткен.

Тәртіп сақшылары мен келіншектің туыстары қанша тырысқанымен, іздестіру шаралары күткен нәтиже бермеді. Нәтижесінде полиция оның бұрынғы күйеуінен жауап алған соң 24 наурызда расталған кісі өлтіру нұсқасын алға тартты.

Ер адам әйелін тұншықтырып өлтіріп, қылмыстың ізін жасырмақ болып, денесін ауыл шетіндегі егістік алқапқа көміп кеткені анықталды.

"29 жастағы ер адам ақпан айында әйелімен ажырасып, осы уақытқа дейін Талдықорған қаласында тұрып келген. Ол баласын көруге мезгіл-мезгіл келіп тұрған. 7 наурызда баласын көруге келген ер адам мас күйінде болған. Олардың арасында жанжал шығып, нәтижесінде ер адам бұрынғы әйелін өлтіріп тастаған", - деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметінен.

Тергеу ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы “Адам өлтіру” бойынша жүргізілуде. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қолданыстағы заң бойынша бұрынғы жұбайы 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Сондай-ақ полицейлер соңғы күндері жауған қар жерлеудің іздерін жасырып қалғанын, ал марқұмның денесін іздеу итінің көмегімен ғана табуға болатынын атап өтті.

Талқылау