Қазақстанда валютаны сату мен сатып алуға қатысты өзгеріс енгізіледі
Ұлттық банк шетел валютасын теңгеге сатып алу және сату арасындағы ауытқудың жаңа шегі белгіленетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Осылайша ұлттық банктің 2020 жылғы "Айырбастау пункттері арқылы жүргізілетін операциялар бойынша шетел валютасын теңгеге сатып алу бағамының сату бағамынан ауытқу шектерін белгілеу туралы" 86-қаулысына өзгеріс енгізіледі. Жаңа қаулының жобасы бойынша валютаны сатып алу және сату арасындағы ауытқу шектері үлкейеді.
"Жобада айырбастау пункттері арқылы жүзеге асырылатын операциялар бойынша сатып алу бағамының қолма-қол шетел валютасын сату бағамынан ауытқу шектерін 2023 жылдың 1 қаңтарына дейінгі мерзімге АҚШ доллары үшін – 6 теңгеден 15 теңгеге, еуро үшін – 7 теңгеден 20 теңгеге дейін арттыру ұсынылып отыр", – делінген ресми хабарламада.
Осының арқасында алдымен валюта нарығындағы алыпсатарлық әрекеттерді азайту жоспарланған.
Сонымен қатар "валюта бағамы төңірегіндегі құбылмалылықтың күшеюіне байланысты қаржы нарығына қатысушылардың тәуекелдерін сейілту көзделіп отыр".