“Қыз алақандай ғана тамақ жеу керек дейтін” : Салмағына қатысты кемсітуге тап болған қазақстандықтар оқиғаларымен бөлісті
Бәріміз әртүрліміз және бұл қалыпты нәрсе. Осыған қарамастан, адам өмірінде бір рет болсын, өзгелердің сынына ұшырайды: бірі тым арықтығы, не артық салмағы үшін ескертулер естісе, енді бірі жасыл түске боялған шашына байланысты айыпқа қалған. Мұның бәрі бодишеймингтің белгілері. Бұл жағдайға көбіне артық салмағы бар адамдар, не арық адамдар, кезігіп жатады. Дегенмен сыртқы келбеттің жалпыға бірдей нормаларына сай келмейтіндердің барлығы азды-көпті дискриминацияға ұшырайды. Stan.kz тілшісі сыртқы келбетіне байланысты кемсітуге тап болған азаматтармен тілдесіп, мұны қалай тоқтатуға болатынын анықтады.
Бодишейминг деген не?
Бодишейминг – ағылшын тілінен аударғанда дене және ұят деген екі сөзден тұрады. Фатшейминг деп те жатады. Бұл адамды сыртқы келбетіне, тәніне, дене формасына, өлшеміне байланысты айыптау, сынау, кемсіту, дискриминациялау.
Камилла Мюллер есімді атпен белгілі 23 жастағы қыз Қазақстанда алғашқы бодишейминг, фэтшеймингпен күресуге бағытталған "ARTYQ EMES+" атты жобаны негіздеді. Айтуынша, бұл жобаның дүниеге келуіне жасөспірім кезінен бері бодишеймингке ұшырауы себеп болған. Оның сөзіне қарағанда, бала кезден ағайын-туыстардан мазақтау, ескертулер еститін.
“Феминизмге келгелі бері бодишейминг, фатшеймингті танып-біліп жатырмын. Дене бітіміме байланысты түрлі келекеге қалдым. Тіпті ағайын-туыстарымның өзі мазақтап, ескертулер айтып жататын. Осының барлығы менің өз бағамды түсіріп, комплекстерді тудырды.
"ARTYQ EMES+" жобасының мақсаты не?
Жоба биыл тамыз айында жарияланды. Мақсаты – осындай бодишейминг пен фатшеймингке тап болған адамдардың оқиғаларын қоғамға жеткізу.
“Қандай да бір проблеманы шешудің алғашқы қадамы – осы проблема жайлы айту. Алдағы уақытта психолог мамандардың ғылыми зерттеу жұмыстарын алып, бөлісеміз. Жобаның құрылу идеясы менің жасөспірім кезімде бетпе-бет келген бодишеймингпен келуімен тікелей байланысты”, – дейді жоба авторы Камилла Мюллер.
Камилла Мюллер
“Арық болсам да, өзімді басқа адамдардан төмен санадым”
“Мектеп бітіріп, университетке түскен соң мен қатты арықтап кеттім. Ашығу, диета ұстау, түрлі арықтау топтарына жазылу, жүгіру, спортпен айналысу, арықтататын дәрілер ішу – осыған себеп болды. Осылайша, мен 15 келі тастадым. Алайда бұл маған қандай да бір бақыт әкелді деп айта алмаймын. Сол комплекстер әлі күнге дейін бар. Арық болсам да, өзімді басқа адамдардан төмен санадым. Тек университет бітіріп, азаматтық белсенділікпен айналыса бастаған соң өз-өзіме деген сенімділік пайда болды. Алайда айналадағы адамдардан түрлі жағымсыз пікірлер естіп жүрдім. Бір жолы кола сусынын ішіп жатқан кезде, біреу “Кола ішпесейші, одан бетер толып кетесің ғой” деген ескерту жасаған. Жұмыс істеп жүрген жерден кетуге шешім қабылдадым”, – дейді Камилла.
Ол дискриминацияға медициналық қызметкерлер тарапынан да тап болғанын айтады.
“Ақтаудан Алматыға көшкеннен кейін өзімнің денсаулығымның нашарлағанын сездім. Сөйтіп ауруханаға бардым. Дәрігер мені жөнді тексермей, “қант диабеті” деген диагноз қоя салған болатын. Кейін шын мәнінде анализ тапсырған соң менің қант диабетіне шалдықпағаным анықталды. Медбикелер де сөзбен айтпаса да, ісімен, ескертулерімен жақтырмағанын білдіртетін”, – дейді белсенді.
Айтуынша, ата-анасы бала кезден өзгенің ісіне араласпауды айтып өсірген.
“Әуел баста-ақ біреудің басқа біреуде не жұмысы бар деген сұрақ мені мазалайтын. Егер адам заң бұзбаса, неге оның жеке шекарасын өзге адам бұзып, дене бітіміне, салмағына, шашына, түріне байланысты пікірлер айтады? Олардың сөзінше, мұндай пікірді менің денсаулығыма алаңдайтындықтан айтады екен. “Біз сені жақсы көреміз, уайымдаймыз” дейді олар. Меніңше, денсаулығына байланысты ескертулерді адам ондай келекелер арқылы жеткізбеуі керек”, – дейді Камилла.
Азаматтық белсенділікке келгеннен кейін Камилла азаматтық құқық, азаматтық білім мектептерінен өтіп, фэтшейминг жобасы бойынша грант ұтып алған.
“Кез келген дискрминациядан тәуелсіз болуға құқығымыз бар. Қазіргі уақытта жобаның жетекшісімін, одан бөлек идеяның жүзеге асуына көмектескен менторлар бар, достарым, жақындарым осы тақырып аясында жұмыс істеуіме көмектесіп жатыр.
Бұл – волонтерлік негізде жасалған жоба және ешқандай коммерцияны көздемейді. Осы арқылы қоғамда толеранттылық қалыптастырып, фэтшейминге ұшыраған адамдарды қолдағымыз келеді”, – дейді ол.
Қазір тек салмақ емес, сондай-ақ, адамның бой ұзындығына не қысқалығына, бала туғаннан кейінгі әйелдердің тәнінің өзгеруіне қатысты адамдар тарапынан туындайтын теріс пікірлерді де бодишеймингке жатқызуға болады. Камилланың сөзінше, біздің қоғамда стандарттарға сәйкес келмегендерден кемшіліктер іздеу кең таралған.
“Арық, бойы ұзын болса да, көзі, қолы, аяғы томпақтау, кеудесі жоқ, не кеудесі бар деген сынды пікірлер айтылады. Кейбір адамдар кез келген адам фетшеймингке ұшырайды ғой, деп пікір білдіріп жатады. Алайда бұл жоба менің жеке проблемаларымнан туындағаннан кейін мен дәл осы проблема жайлы айтамын”, – дейді Камилла.
Оның сөзінше, кей адамдар бұл жобаны артық салмақты, семіздікті, қант диабетін үгіттейді, өзі жалқауланғандықтан арықтағысы келмейтін адамдарды насихаттау деп біледі екен. Алайда шын мәнінде олай емес.
“Адамдар мінсіз емес. Біз қандай болсақ сол күйде бір-бірімізді қабылдауымыз керек. Басқалар үшін адам өзін өзгертпеуі керек. Біздің жеткізгіміз келетін түйін осы. Бар айтатынымыз, адам арықтағысы келсе, арықтайды, ал егер осы күйінде өзін қабылдаса, бұл да қалыпты”, – дейді ол.
“Қыздың арық болуы керек, алақандай ғана тамақ жеуі керек”
Бала кезден бодишеймингпен бетпе-бет келіп, қазір өзін қабылдап үйренген, басқаларға үлгі болып жүрген тағы бір азаматша Айым Смағұл, дәрігер-интерн. С. Асфендияров атындағы Медицина университетінде оқиды. Алғашқы көмек беретін инструктор болып жұмыс істейді.
Айым Смағұл
“Бодишейминг ұғымын білмесем де, бала кезден томпақ болып, туыстарым, мектеп мұғалімдері тарапынан кемсітуге тап болдым. “Қыздың арық болуы керек, алақандай ғана тамақ жеуі керек” деген сияқты сөздер еститінмін.
Әрине, бастапқыда кішкентай болғандықтан бұған төтеп бере алмадым. Қанша пысық болсам да, арық қыздардан жақсырақ билесем де, жақсы оқысам да, томпақтығым үшін кемсітуді сезетінмін. 9-сыныпта қаладан көшіп келген қыз мені өз-өзімді жақсы көруге, қадірімді білуге үйретті. Сол кезде өзімнің толықтығымнан ұялмай, адамдармен белсенді араласа бастадым”, – дейді ол.
Айтуынша, мектеп табалдырығында салмағына байланысты сын мен қалжың астында қалған кездері көп.
“Мектеп кезінде ғашықтық сезімі бәрінде болады ғой. 9-сыныпта бір балаға қатты ғашық болғаным бар. Ол маған арықтататын дәрі ұсынған. Мен оны ішіп, моншада талып қалдым. Ал 11-сыныпта тағы бір бала менімен сөйлесемін деп бәстескен. Оған басқалары: “томпақ қызбен жүрсең, ұтасың” дегендей айтқан екен. Осы кезде қатты жүрегім ауырды, бірақ кейін сол жігіт өзіме ғашық болып қалды”, – деп есіне алды Айым.
Уақыт өте келе Айым өзін қабылдап үйренген. “Қазір адамдарды пысықтығыммен баурап аламын”, – дейді ол.
“Оқу, университетте ешқандай дискриминация болмады. Себебі ол кезде мен сыртқы келбетті емес, адамгершілік, адамдарға деген қарым-қатынасты басты орынға қойдым. Ал жұмыс іздеу барысында администратор сынды қызметтерге толықтығыма байланысты алмайтын. Алайда бәрібір пысықтығыммен баурап алатынмын”, – дейді Айым.
Бодишеймингті тоқтатудың негізгі жолы – бала кезден адамдардың әртүрлі болатынын түсіндіру, дейді белсенді.
“Әртүрлі физиологиялық, психоэмоцияналдық өзгерістердің қалыпты екенін айту қажет. Адамға мұндай кемсітулер қалай әсер ететінін түсіндіру қажет. Желіні аша қалсаң, арықтау бойынша кеңестер толып тұрады. Менің позициям – қандай болсаң да, ішкі энергияң сені көрсетеді. Мәселен, мен Тик-Ток желісінде ұялмай билеймін, ойымды айтамын. Көп қыздар маған “Сізге қарап, өзімізді қабылдап үйреніп жатырмыз” деп жазған болатын. Мен үшін бұл өте маңызды. Адамның тек арықтаған кезде бақытты боламын деп ойлауы, суицидтік ой өте қиын. Адам өзін бірінші қабылдап, жақсы көру керек. Осыны басқаларға да айтамын”, – дейді ол.
Айым дәрігер ретінде арықтау оңай процесс емес екенін айтады. Ол үшін адам алдымен эндекринолог, диетолог, психологтың тексерісін өтіп, өзіне лайықты диетаға отыру керек.
“Алайда қазіргі соңғы зерттеулерде адам қай уақытта тамақ жегісі келсе, сол кезде интуитивті түрде жеу керек. Психосоматика жағынан қарастырсақ, Б.Хелингер есімді психотерапевттің айтуы бойынша, көбінесе толық адамдар анасына реніші барлар. Мен анамды қабылдамаймын, сол үшін оны ішімде сақтаймын деген тіркес содан шыққан екен. Сонымен қатар бала кезінде зорлыққа ұшыраған балалар толықтыққа бейім болады. Осы сияқты түрлі факторлар және адам ешкіммен араласпай, тұйықталып кетпей, керісінше, денсаулығына кедергі келтірмесе, өмірдің қадірін біліп, ләззат алып өмір сүру керек”, – дейді Айым Смағұл.
18 жастағы мұғалімдік жолда білім алып жатқан студент Гаухар өзгелердің пікіріне мән бермеуді үйренгенін айтады. Оның сөзінше, адам өз бойындағы сенімсіздікті жеңе білуі қажет.
Гаухар
“Жаратылысқа қарсы пікір білдірген адамдарды ұната бермеймін, сөздерін құлаққа ілмеймін. Өзімнен өткізіп жіберемін.
Бала кезде шеймингке жиі бетпе-бет келетінмін. Оқу процессі, жұмыс кезінде айтарлықтай кемсітулер болған жоқ. Бәрін өзімнен өткізіп жіберетінмін. Мектепте, сыныптар арасындағы кемсітулер болып тұратын”, – дейді ол.
Сенімділігім төмен болды. Алайда сенімсіздікті жеңе білдім, өзімді қаз қалпымда қабылдадым.
Бодишеймингті тоқтату үшін ойдағы қасаң стандарттардан арылу керек, “90-60-90” деген сынды. Адам өзін қабылдаған соң, айналадағылар да оны қабылдайды”, – дейді Гаухар.