Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

БҚО-да "баламызды үлкен сыныптағылар ұрады" деген ата-аналар шу шығарды

Батыс Қазақстан облысындағы Бәйтерек ауданына қарасты Достық ауылының тұрғындары мектептегі кіші сыныптарда оқитын балаларын ересектердің соққыға жығатынын айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Олар балаларын мектепке жібермек түгілі, далаға шығаруға қорқатынын алға тартады. Ата-аналардың айтуынша, 6-шы 9-шы сынып оқушыларын ересектер соққыға жығуды әдетке айналдырған. Бұл қылығын ауыл тентектері "тәрбие жұмысы" деп түсіндіріпті.

Яғни жасы кіші балалар үлкендерге ұдайы амандасып, сыпайы болуды талап еткен. Ал бұған көнбегендерді соққыға жығып, қалғандарын қорқытып-үркітуге кіріскен. Амалы таусылған ата-аналар полицияға да шағымданып, арыз жазыпты.

“Балалардың денесіне дақ түсірмей, бүйрегінен, жұмсақ жерінен ұрады. Тіпті бетінен ұрғанда өзіне ыңғайлы болуы үшін оқушыларды жүрелеп отырғызып қойған. Ұлыма белгісіз біреулер телефон шалып, үйден жиі кетіп қалады. Кім шақырып жатқанын да айтпайды. Ұрғандардың ішінде жоғары сынып оқушылары, мектеп түлектері, тіпті студенттер де бар”, – дейді жәбірленген оқушының анасы Наталья Коркина. 

Ал мектеп директоры мұны теріске шығарды. Ата-аналар асыра сілтеді дейді. Бұл оқиғадан құқыққорғаушылар да хабардар. Жауаптылар білім ордасындағы жағдай бақылауда деп сендірді.

“Бір-бірімен келіспей, сөзге келіп қалған. Соның ішінде бір-біріне бір-бір шапалақтан берген. Ол болған. Бірақ біз бұл мәселені көтеріп, содан кейін балалармен де сөйлестік, ата-аналармен де сөйлестік. Балалар бір-бірінен кешірім сұрап, өздерінің қателіктерін шешіп, сондай жағдай болды”, – дейді Бәйтерек ауданы білім беру бөлімі “Достық” ЖОМ директоры Светлана Голубева. 

Талқылау