Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда баспана бірге берілетін жұмыс табуға болады: Қандай мамандықтар сұранысқа ие?

Бүгінде елімізде жаңа жұмысқа орналасып, жаңа баспана иеленуге болады. Мәселен, Enbek.kz порталында осындай шарттармен бос лауазым ұсынатын хабарландыруларды кездестіре аласыз. Бір айта кетерлігі, мұнда еңбек өтілінің болуы да талап етілмейді екен. Stan.kz тілшісі Enbek.kz порталы арқылы қандай қызметке орналасуға болатынын және жаңа жұмыскерлерге қандай үй берілетінін анықтап көрді. 

Қазақстанда көбіне ауылдық жерлердегі тұрғын үй мұғалімдер мен дәрігерлерге жиі ұсынылады. Алайда Enbek.kz порталында жүргізушілер, инженерлер, дәнекерлеушілер, электршілер, аспаздар, экономистер, машинистер және күзетшілер үшін де бос жұмыс орындары табылады. Жұмыс берушілер тіпті, мал өсірушілер мен сауыншыларды да баспанамен қамтамасыз етуге дайын.

Хабарландырулардың бірінде жалпы практика дәрігері қажет екені айтылған. Жаңа қызметкерге қойылатын бірқатар талаптар да бар. Біріншіден, жұмысқа орналасу үшін еңбек өтілі талап етілмейді: тек жоғары білімің бар екенін растайтын диплом болуы жеткілікті. Сондай-ақ, маман орыс тілін жетік меңгеруі тиіс екені айтылған.

Жаңа қызметкерге ұсынылатын жалақы 230 мыңнан басталады. 

Хабарландыру авторы Алтынай Жанатқызы дәрігер маманның Павлодар облысы  Мичурино ауылына қажет екенін айтады.

“Жұмыс орны және тұрғын үймен қамтамасыз етіледі. Біріншіден, бізде Павлодар ауданы әкімдігінен бір реттік жәрдемақы беріледі. Ол – 291 700 теңге. Ары қарай сізге бюджеттен пайызсыз кредит беріледі. 0,01 пайызбен бөліп төлеуге болады. Сомасы 4 миллион 375 500 теңгені немесе 1500 АЕК-ні құрайды. Ауылда үйді пайызсыз бөліп төлеп алуға болады”, – дейді хабарландыру авторы Алтынай Жанатқызы. 

Оның айтуынша, маман өз қалауына қарай баспананы таңдай алады. 

“Үйді өз қалауыңыз бойынша жұмыс істеймін деп барған жеріңізден тауып ала аласыз. Сізге үйді табуға мекеме басшылы мен ауылдық округтің әкімі көмек көрсетеді. Бізде бағдарламаларға қатысушыларға арналған арнайы үйлер жоқ. Сол жерден сатылымға шыққан үйлердің бірін таңдап ала аласыз. Жер үй немесе көпқабатты тұрғын үй болуы мүмкін. Қанша бөлме екеніне қарамайды. Маман өзіне ұнаған үйді сомаға таңдай алады. Қандай үй алса да өз еркінде. Өйткені, сізге мемлекеттен осы ақша бөлініп тұр. Өзіңіздің ақшаңыз сияқты пайдалана береді. Барған жерінде үш жыл көлемінде жұмыс жасағаннан кейін маман үйдің толық иесі бола алады. Яғни, алған ақшаңызды осы уақыттың көлемінде қайтарып тастай аласыз. Егер жұмыс жасауға барған жерінен 1 жылдан кейін кетіп қалатын жағдайда бүкіл соманы мемлекетке қайтаратын болады”, – дейді ол. 

Тағы бір хабарландыруда Қостанай облысының Ұзынкөл ауданына бастауыш сынып мұғалімдерін іздейді. Ұстаздың жалақысы 150 мың мен 170 мың теңгенің арасын құрайды. Мұнда да жұмыс өтілі керек емес, сонымен бірге, жоғары білімін растайтын диплом болса, тағылымдамадан өту міндетті емес.

Хабарландыру авторы, мектеп директоры Айсұлу Амангелдіқызы бос лауазымға қабылдау “Дипломмен ауылға” бағдарламасы арқылы жүзеге асатынын атап өтті.  

“Алғаш келгеніңізде сізге бер реттік жәрдемақы төленеді. Былтыр ол 273 000 теңгені құраған. Биыл 291 700 теңгеге өсті. Үш жыл көлемінде жұмыс жасап, бұл ақшаны қайтара аласыз. Сондай-ақ, үй алуыңыз үшін 15 жылға 4 миллион 375 мың теңге пайызсыз кредит беріледі. Яғни, бұл ақшаны 15 жыл көлемінде қайтаруыңыз керек. Егер үй 5 миллион теңге тұратын болса қалған жетпеген соманы өз қалтаңыздан шығаруыңызға тура келеді”, – дейді хабарландыру авторы Айсұлу Амангелдіқызы.

Қостанай облысы Ұзынкөл ауданының жұмыспен қамту орталығы мамандарының мәліметінше, оңтүстіктен солтүстікке барғандар баспанамен қамтыла отырып, жұмыс табуына болады. Ол үшін тіпті, жоғарғы біліміңнің болуы маңызды емес. Орта білімің болса да жеткілікті. Кез-келген жастағы маман иесі баруына болады. 

“Бағдарлама бойынша тұрғын үйлерге квота беріледі. Алдымен келген аймағыңызға 5 жыл көлемінде жұмыс істеу туралы келісімге отырасыз. Келген кезіңізде сізге 35 МРП (102 095 теңге) көлемінде бір реттік төлемақы беріледі. Бұдан кейін бір жылдық тұрғын үйді жалға алып тұруыңыз үшін ай сайын 15 МРП (43 755 теңге) төленіп отырады. Яғни, бұны 1 жылға шақсақ 525 000 теңге. Бұл сомаға солтүстіктен бір үй сатып алуға болады. Сондай-ақ, әрине жұмыспен қамтыласыз”, – дейді маман. 

Талқылау