Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Не жұмыс жоқ, не оқуымызды жалғастыра алмаймыз": Шымкенттегі "Орда" университетінің түлектері үш айдан бері дипломдарына қол жеткізе алмай жүр

Шымкентте "Орда" университетін бітірген 200-ден астам түлек 2 айдан бері дипломын ала алмай жүр. Бастауыш сыныпқа білім беретін педагог пен логопед мамандығын алғанын растайтын құжаттары болмаған соң, олар жұмысқа да орналаса алмай отыр. Айтуларынша, оқу орны осыдан үш ай бұрын лицензиясынан айырылған. Сондықтан түлектерге тиесілі диплом берілмей келеді. Екі ортада құжатсыз қалған жас мамандар 4 жыл бойғы білім мен оқу ақысы зая кете ма деп қорқады. Бұл туралы Stan.kz  ақпарат агенттігі 31 арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Jhlf

4 жыл бойы көз майын тауысып, бір миллион теңгеге жуық ақы төлеп оқыған кешегі студент бүгінгі түлектер университет басшылығына ренжулі. Олар талаптанып ізденген шәкірттеріне дипломын бермей 2 ай сандалтқанына ашулы. Айтуларынша, көбі жұмыс тапқанымен, бір жапырақ қағаздың жоқтығынан сан соғып қала берген.  

“Екі ай болды диплом ала алмай жатырмыз. Екі ай үйде жұмыссыз отырмыз . Не жұмысқа тұра алмаймыз, не магистратураға оқуға тапсыра алмай жатырмыз. 4 жыл бойы адал еңбегімізбен оқыдық. Оқуға қабылданбас бұрын біз 5 жылға аккредитациядан өткенбіз деп айтқан болатын. Лицензиямыздан ешкім айыра алмайды деп айтқан”, –дейді ЖОО түлегі Зарина Сапар. 

“Мен бір жыл магистратурадан да қалдым. Келісіп, сөйлесіп қойған жұмысымнан да қалдым. Себебі мен әлі диплом алмағанмын, менен бұрын диплом алған қыз орныма кіріп кетті”, – дейді тағы бір ЖОО түлегі Аруна Тұрғын. 

Дипломның жырын-жырлап шалғайдан келген студенттер де жетерлік. Бергісі облыстың аудандарынан болса, арғысы қызылордалық түлектер. Сандалған ұл-қызын көріп, енді ата-аналар да оқу орнының табалдырығын тоздырып жүр. 

“Келеді, кетеді, келеді, кетеді. Қызым Қазығұрт ауданына тұрмысқа шыққан. Қайын жұртынан да ұят болды. Диплом алам деп келеді, диплом жоқ. Енді қазақпыз ғой, түсінесіздер ғой. Сосын бүгін өзім келдім”, – дейді ата-ана Гүлнәр Балқыбекова. 

200-ден астам студентті сандалтқан университет 3 ай бұрын лицензиясынан айырылып қалыпты. Бұны оқу орнының басшылығы да мойындады. Министрлік тарабынан келген тексеру қорытындысымен 3 кемшілік анықталған. Енді соның кесірінен құжат беруде қиындық туындап отыр екен. Бірақ қазір осындағы мемлекеттік және лицензиясы бар жеке меншік оқу орындарымен келіссөз жүргізіліп, диплом беру жолдары қарастырылып жатыр деді. 

“Бізде кесте түзілген. Сол бойынша кезең-кезеңімен дипломды береді. Ертең бастауыш оқыту әдістемесі мен педагогикасы мамандығын меңгергендер диплом алады. Ал дефектологтар мен бейнелеу өнерін оқыған студенттер алдағы 10 күнде оқуды бітіргені туралы құжатқа қол жеткізеді”, –дейді "Орда" университеті президентінің кеңесшісі Ирина Ефимова. 

Оқу орны өкілдерінің бұл сөзіне түлектер мен ата-аналар сене қоймады. Бірақ күтуге келісті. Егер уәде еткен уақытта құжаттары қолдарына тимесе, шағымымызды министрдің алдына барып айтамыз деп отыр.

Талқылау