Ақтөбеде зорланған 7 жасар баланың ісі: Мектеп әкімшілігі жұмыстан шеттетілді
Ақтөбеде мектеп дәретханасында зорланған бала оқиғасынан кейін білім ошағының басшылығы жұмыстан шеттетілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев пен Білім және ғылым министрінің кеңесшісі Раиса Шер Ақтөбе облысына келіп, баланың отбасымен тілдесіп қайтқан.
"7 жасар баланы жоғарғы сыныптың оқушылары зорлаған деген отбасының шағымынан кейін мектеп директоры мен директордың орынбасары қызметінен алынды", – деді білім министрлігінің өкілдері.
Сондай-ақ ведомство өкілдері баланың жағдайымен танысып, оқушыға және оның туыстарына қандай көмек қажет екенін білді. Министрлік мәлімдемесіне сенсек, балаға жан-жақты көмек көрсетілетін болды.
"Ақтөбе облысы әкімдігінің білім бөлімі оқушының ата-анасының шағымы туралы білім және ғылым министрлігіне уақытылы хабарламады. Мектеп әкімшілігі қажетті жұмыстарды жүргізбеді және туыстарының мәлімдемесіне тиісті назар аудармады", – деді Есенғазы Иманғалиев.
Ол әкімдіктерге қарасты барлық білім бөлімдері мектептерде болып жатқан жағдайды бақылауда ұстап, өз аймақтарында не болып жатқанын біліп отыруы керектігін алға тартты.
"Әрбір бала өзін мектепте жайлы сезінуі керек. Немқұрайдылыққа мүлдем жол берілмеуі тиіс", – деді балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басшысы.
Сонымен қатар Білім министрлігінің өкілдері Ақтөбе облысы әкімінің орынбасарының, облыстық білім басқармасы басшылығының, құқық қорғау органдары мен қамқоршылар кеңесінің өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді. Мектеп директоры мен оның орынбасары оқиғаның мән-жайы толық анықталғанға дейін қызметінен босату туралы шешім шығарылды.
Еске салайық, бұған дейін Ақтөбеде бірінші сынып оқушысын тоғызыншы сынып оқушылары ұрып-соғып, зорлағаны айтылған еді. Осыған орай, мектепте тексеру ұйымдастырылған.