Алматыда «L-Капитал» салымшылары Бас прокуратура алдында шу шығарды
”L-Капитал” компаниясының салымшылары Бас прокуратураның Алматыдағы ғимараты алдында шу шығарды. Қаржы пирамидасына алданғандар тергеу амалдарымен айналысып жатқан қадағалаушы орган қызметкерінің қызметтен кетуін талап етуде. Өйткені тергеу амалдары әлі нәтиже бермепті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия" бірінші арнасына сілтеме жасап.
Наразылардың айтуынша, "L-Капитал" қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына қатысты тергеу амалдары бір орыннан жылжымай отыр.
"Мен Бостандық ауданына бардым арыз жазып, маған талон берген жоқ. Мына жерге келдім жазып, талон маған берген жоқ. Мен әлі талон да ала алмай жүрмін. Үш рет келдім бір талонға, арызымды жазып алып қалды. Сосын маған жазып береді: "Біз сізді потерпевщий деп санадық" дейді. Ал енді санаса қолыма бір түйір қағаз бермей ме, сіздің нөмірі мынандайыншы арызыңыз тіркелді деп", – дейді салымшы Қаныгүл Ахметова.
Ал Зейнеткер Гүлнар Байходжаева баласы екеуі бірлесіп, 4 миллион теңге салған. Алайда маңдай терлерімен тапқан осы ақшадан 4 тиын да ала алмай жүр. Оның үстіне тергеу амалдары да мандымай қойғанына наразы.
"Осы компанияға сеніп, ақшамызды санап бердік. Алты айдан бері әділдікті күтіп жүрміз. Директорлары шет елге қашып кетіп, үлде мен бүлдеге орануда. Оларды ұстады дейді. Олар біздің ақшамызға шалқып өмір сүруде. Біздің ақшамызды қайтарып берулерін талап етеміз", – дейді ол.
Сондай-ақ салымшы Индира Батырбекова 2017 жылы екі бөлмелі пәтерін сатып, 50 мың дорлларын осы компанияға әкеліп санап беріпті. Содан бері соқыр тиын да көрмеген. Күйеуі мен баласының денсаулығы сыр беріп, еміне ақша таппай әбден қиналғанын айтады.
"Спец прокуратураның адамдары: "Уайымдамаңдар, жауапты адамдар өздерінің жазасын алады. Бар ақшаны қарап, тексеріп, тауып, сот арқылы қайтарып аласыңдар деген. Осы сөздер қазір бос сөз болып тұр", – дейді салымшы.
Плакаттарын жайып, көшеде наразылық білдірген алданған салымшыларға әкімдік қызметкерінен басқа ешкім шықпады. Тек бір сағаттан кейін ғана оларды ішке кіргізіп, тергеу барысымен таныстырған болды.
Арна тілшілері қалалық прокуратура мен Бас прокуратураның баспасөз қызметтеріне телефон шалған. Бірақ ешкім жауап бермеген.