AAPL
133.98 $
1.27 %
TSLA
623.71 $
0.46 %
NDAQ
178.7 $
-0.04 %
GOOGL
2446.61 $
0.43 %
FB
339.03 $
2.03 %
FRHC
61.35 $
-0.54 %
AAPL
133.98 $
1.27 %
TSLA
623.71 $
0.46 %
NDAQ
178.7 $
-0.04 %
GOOGL
2446.61 $
0.43 %
FB
339.03 $
2.03 %
FRHC
61.35 $
-0.54 %
Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар үлкен жеңілдікпен жарамдылық мерзімі өткен азық-түлікті сатып алып жатыр: Мұндай тағамды тұтынуға бола ма?

Алматыда жарамдылық мерзімі бітуге таяған, біткен өнімдерді ұсынатын мекеме қазақстандықтар арасында қызығушылық тудырды. Азық-түлік өнімдерін 30-50% жеңілдікпен сататын "дүкенде" күнделікті тіршілікке қажет тауарлардың бәрі табылады. Мұндай өнімдерді жеу, тұтыну қаншалықты қауіпсіз? Төменгі бағамен ұсынылған тағамдар ел ішінде не үшін сұранысқа ие болып отыр? Stan.kz тілшісі анықтап көрді. 

Аталған орынның тұрақты сатып алушысы, желі қолданушысы Ғалия Тобатаева жарамдылық мерзімі өткен тауарларды 15-20 жыл аралығында сатып алып, тұтынып жүргенін айтады.  

Азық-түліктен ешкім уланбаған

"Айына бір рет, зейнетақы алғанда барып тұрамын. Жақындарыма осы жерді көрсетіп қойғанмын, қазір өз беттерімен барып жүр. Тауарлар алуантүрлі, әр кезде жаңарып отырады. Қайдан алатындарын білмеймін. Бір жолы барғанда басқа өнім, келесі рет барғанда басқа тауарлар болады. Бұрын шұжық өнімдерін алатынмын. Қазір алмауға тырысамын. Шұжықты қуырып жеп жүрдік. Күріш, консервілер, түтік кеспе, печенье, май қапталып тұрады. Сондықтан оларға ештеңе болмайды. Дүкен ішіне кірсең, заттардың түр-түрі бар. Жарма, сұлы сияқты өнімдерді, шайды сатып аламын. Осы уақытқа дейін тағамның көгеріп, қатты бұзылып кеткенін көрген жоқпын", - дейді ол.

Айтуынша, қызметтің сұранысқа ие екеніне өзі таңғалған. Әлеуметтік желіде жарияланған осы мекеме жайлы  жазбасына жұмысы бар, жағдайы жаман емес отбасылар да қызығушылық танытқан.

"Неше түрлі пікірлер жазылды, әлгі мекеменің орналасқан жерін сұрады. Орта таптағы, одан жағдайы жоғарырақ адамдардың мекенжай сұрағаны таңғалдырды. Егер улану жағдайлары болса, баяғыда белгілі болар еді, мекемені жауып тастайтын еді", - дейді ол. 


Отандық диетолог: Бірден антибиотик ішуге асықпаңыз, аурудан айығудың басқа жолдары бар 

 

Ораза ұстағандар қалай дұрыс тамақтануы керек? Маңызды ережелер 


Жарамдылық мерзімі біткен тауарға деген сұраныс елдің хал-ахуалын көрсетеді

"Бұрын бір нүктесі ғана болған, қазір төрт жерден ашылды. Бұл мен білетін нүктелері ғана. Мұндай жағдай экономикалық көрсеткішін көрсетеді. Зейнетақы, жәрдемақының жетпейтінін, ең төменгі күнкөріс деңгейінің аз екенін  байқатып отыр. Бұл жарнама емес, жеке бизнесім де емес. Қауіп-қатердің бар болуына қарамастан, мұндай тауарларды алушылардың саны толастап жатқан жоқ.

Кейбір адамдар иттеріне, үй жануарларына береміз деп сұрап жатты, алайда шын мәнінде олай емес екенін белгілі ғой", - дейді Ғалия Тобатаева.  

Дүкеннің тұрақты сатып алушысы өзіне адамдар алғыс жаудырып, денсаулық тілеп жатқанын айтады. Ал мұндай жерден азық-түлік сатып алу кем дегенде екі есе, үш есе арзанға түседі екен.

"Сонда қарап тұрсаңыз, олар денсаулыққа зияны болуы мүмкін тағамдарды "жарнамалап" жатқаным үшін алғыс айтуда. Осыдан адамдардың жағдайы соншалықты қиын екенін ұғуға болады.

Дүкен тауарлары ұзақ тұрып қалса, тағы да бағасы түседі. Тарталетка (шағын қамырдан жасалған, ішіне әртүрлі салмасы бар тағам - авт.) - 50 теңге тұрады, қазір мұндай бағаға не сатып ала аласың? Жол ақысының өзі - 80 теңге. Оның ішінде түрлі салмасы бар. Томат пастасы да жаман емес, кәдімді дүкендікінен айырмасы жоқ. Тек мерзімі ғана өткен, сондықтан оны дүкендер қабылдамайды", - дейді әйел.  

Айтуынша, бұл жазбасы қоғамдық зерттеудің бір құралы\сауалнама сынды, халықтың әлеуметтік хал-ахуалының өлшемі, өмір сүру деңгейіне қаншалықты қанағаттанатынын көрсететін,  соның ішінде тамақтануға қатысты өлшеуі.

Азық-түлік себеті біздің азаматтарымыздың ең төменгі күнкөріс деңгейін де қамтамасыз етпейді. Сұраныс бар жерде ұсыныс бар. Бұл - нарық заңдылығы, дейді Ғалия Тобатаева.

С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нутрициология кафедрасының оқытушысы, медицина ғылымдарының кандидаты Айгүл Қожахметова азық-түлікті қалай сақтау керек, жарамдылық мерзімі өткен тағамдарды қалай пайдалануға болады және бактериялардың таралуына бейім ас түрлері жайлы айтты.

Жарамдылық мерзімі өткен тағамдарды жеуге бола ма?

Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен тауарды тұтыну мынадай жағдайларда денсаулыққа зиянын тигізбейді:

  • тауарды сақталу жағдайы мен шарттары дұрыс болса;
  • тағам ашылған соң бөгде өзгерістер көрінбесе;
  • термиялық жеткілікті өңделсе;
  • 1-2 күн ішінде желінсе.

Жарамдылық мерзімі бітіп жатқан тауарларды акциямен, жеңілдетілген бағада сатып жатады. Мұқтаж адамдар мұндай өнімдерді алған соң термиялық өңдеуден өткізіп, органолептикалық қасиеттеріне (иісі, дәміндегі, көзбен көргендегі түсіндегі өзгерістер) мән беруі керек. Консервілердің қақпағы томпиып тұрмаса, бомбаждық көріністері байқалмаса, мұндай тағамдардың зияны болмайды. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткеннен немесе түрлі микроорганизм өмір сүргендіктен қақпағы томпиып тұруы мүмкін. Демек мұндай консервілерді жеу міндетті түрде тамақтан улануға алып келеді.

Жарамдылық мерзімі бітуге таяған тағамды қай кезде тұтынуға болады?

Соңғы жарамдылық мерзімі өтуге таяған өнімдерді сол күні термиялық өңдеуден өткізген соң қолдана беруге болады. Мерзімі өтіп кеткен азық-түліктің түрлері, мәселен: жарма, ұн, құрғақ өнімдер болса, оларды пісіру арқылы дайын өнімге айналдырып қолданамыз. Олардың айқын бүліну белгісі болмаса, ешқандай қауіп төнбейді. Жартылай фабрикаттар, тез бұзылатын өнімдер, соның ішінде, сүт өнімдері, консервілерді қолдану тамақтан улану жағдайларына әкеліп соғады. Сондықтан мұндай өнімдерді күмәнді және шартты жарамды деп бағалап, мүмкіндігінше қолданбаған дұрыс.

Сауда нүктелерінде жарамдылық мерзімі аяқталып жатқан кейбір сүт өнімдері өндірушінің өзіне кері қайтарылады. Бөлке, нан өнімдері қайтарылып өнеркәсіпте екінші рет қайта өңдеуден өтеді. Мәселен, ашыған сүт өнімдері ірімшікке, ал нан өнімдері кептірілген, қытырлақ нанға айналады. Ет өнімдерінің жарамдылық мерзімі бітсе, ветеринарлық қадағалаумен мал жеміне жіберіледі немесе жойылады.

Өнімнің сыртқы қабында жарамдылық мерзімі жайлы мәліметтер бүлінген не анық көрінбесе, не істеу керек?

Қазақстанда өндірілетін кез келген азық-түліктің барлығы шығарылған тауарлық маркасына сәйкес, Тағам өнімдерінің қауіпсіздігі туралы заңның 12-бабының 4-тармағына сәйкес, айқын бүліну белгісі болса, қауіпсіздігі туралы толық мәлімет сыртында көрсетілмесе, қауіпсіздікті растайтын құжаттары жоқ өнімдер айналымға және кәдеге жаратуға жіберілмейді. Осы заңның 17-бабында «Тамақ өнімдерін орау, буып-түю және таңбалау кезінде олардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптарға» сәйкес, өндіруші туралы мәлімет: нақты/заңды мекенжайы, байланыс телефоны, энергетикалық, биологиялық құндылығы, қолдану жолдары сияқты толық ақпарат берілуі керек. Яғни тұтынушы тауарды сатып алған соң, түсініксіздік орын алмауы қажет.

Мәліметтер толық берілмесе, не анық көрінбесе, тұтынушының ол ақпаратты білуіне қиындық туса, байланыс нөмірі арқылы хабарласуына болады. Жазулары көрінбейтін не өшіп кеткен жағдайда, мұндай өнімді күмәнді деп қарастыра аламыз. Қазақстандық тауар өндірушілер осы талаптарды қадағалауы тиіс.

Көмескі, дұрыс көрінбейтін жазулар тұтынушыдан тауардың сапасы жайлы ақпараттарды жасыру мақсатында жасалады. Немесе осы өнімді сақтау шарттары дұрыс орындамау салдарынан, жазулары өшіп кеткен болуы мүмкін. Мәселен, өнім 12 градус, құрғақ жерде сақталуы керек деп жазылады, ал шындығында 25 градуста сақталып тұрады. Құрғақ емес, ылғалды ортада, дүкен сөресінде тікелей күн сәулесі астында сақтауға болмайтын өнімдер, күннің көзінде тұрған өнімнің сақтау шарттары бұзылады, демек ол өнімнің сыртқы белгісіне, жазуының бүлінуіне әсерін тигізуі мүмкін. Тұтынушы осыған назар аударғаны абзал.

Үй жағдайында тағамның жарамдылық мерзімін қалай өткізіп алмау керек?

Өнімдерді тоңазытқышта сақтаған жағдайда оны аптасына 1-2 рет бақылап, тазалап отырған жөн. Бүліну белгісі барларды сараптап бөлек шығарып, ашыған сүт өнімдерін кәдеге жаратуға әбден болады. Осылайша, ысрапқа жол бермейміз.

Тоңазытқышта "тауар көршілестігі" деген қағиданы ұстану керек. Оның мәні мынада: піскен, термиялық өңдеуден өткен өнімдер мен кез келген дайын тамақты басқа шикі өнімнің қасына қоюға болмайды. Ет, шұжық,  құрамында майы бар өнімдерді, сүт, көкеністерді бір-біріне қатар тұрмай, жеке сөреде сақтаған жөн.

Дайын өнім мен шикі өнімді қатар сақтаған жағдайда да улану жағдайлары тіркелген. Осылайша, сапалы өнім сапасызға айналып кетуі әбден мүмкін.

Саңырауқұлақтардың, бактериялардың, вирустардың таралуына бейім, сезімтал ас, тағамдар қандай

Саңырауқұлақтардың тіршілігіне қолайлы орта ылғалды, жылы 30-35 градус температурасындағы жағдай. Көкеністер, жемістер, піскен нан жылы орында сақталып қалса, олардың үстіне саңырауқұлақтар өсіп, көгеру көріністеріне әкеледі. Кейбіреулер арнайы саңырауқұлақпен ферменттеліп өсірілген сырмен көгеруді шатастырып жатады. Зең саңырауқұлақтары өскен өнімдерді мүлдем қолданбау керек.

Вирустар азық-түлікте көп сақтала бермейді. Бірақ бактериялар тез бұзылатын, аса тез бұзылатын тағам өнімдерде таралуға бейім. Бұлар: ет, сүт, қаймақ, тартылған ет. Олар бөлме температурасында сақталып тұрған кезде қоршаған ортадағы түрлі микрорганизмдер үстіне қонып, тағам бүлінеді. Шикі ет күні бойы тұрғаннан беті қараяды, шырыштанады, иісі бұзылады. Жалпы ет өнімдерін +2,+4 градуста сақтау талап етіледі.

Тауарды арнайы түбіртек беретін дүкендер мен сауда нүктелерінен алған дұрыс

Осылайша, тұтынушы өз құқығын қорғай алады. Тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға сәйкес, егер сапасына күмән туса немесе денсаулыққа зиян тиіп жатса, не сапасына қанағаттанбаған жағдайда, түбіртек көрсете отырып, сауда нүктесінен заң аясында денсаулығына келтірілген зиянның өтемақысын  өндіріп алуға болады. Ашылған соң да, ашылмай тұрып та, азық-түлікті 14 күннің ішінде қайтаруға мүмкіндік бар.
Бүліну белгісі бар өнімдер - күмәнді. Егер дүкен сөресінен алынған өнімде осындай белгілер болса, сақталу шараларының бұзылуынан деп кері қайтара аласыз. Бүліну белгілері көп болмаған жағдайда мұндай өнімдерді термиялық өңдеуден өткізіп, қуырып қолдана беруге болады. Ал егер қатты бүлінген болса, отбасының денсаулығына қауіп төндірмей, тастауға тура келеді.
 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр