Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 900 мың доллардан астам қаражатты Жаңа мамандықтар атласын құрастыруға жұмсаған

Қазақстандықтар жаңадан құрастырылған мамандықтар атласына наразы. Сөздерінше, атласты дайындауға 1 млн доллар жұмсау - негізсіз шешім, ал атластағы мамандықтар ақылға қонымсыз. Оқиғаның мән-жайын Stan.kz тілшісі анықтап көрген еді. 

атлас

Қоғам белсендісі, журналист Гүлбану Әбенованың Facebook-тегі жазбасы халықтың қызу пікірталасына түрткі болды. Айтуынша, 9 сала бойынша 3 қазақстандық мамандықтар атласын құрастыруға 954 979  АҚШ доллары жұмсалған. Қоғам белсендісі Ресейдің 24 сала бойынша жариялаған бір ғана мамандықтар атласынын құны 45 мың долларға айналғанын мысалға келтіреді. 

"Ресейлік атластың еркін қолданыста жүргеніне жеті жыл болды. Ресей үкіметі атласты құрастыруға бір тиын бюджет ақшасын жұмсамаған. Ал біздікілер Әлемдік банктен қарыз алып, оның 1 млн долларын жаңа атлас жасауға бөлген. 

Атластың мазмұны шындыққа жанаспайды, студенттер мен оқушыларға маңызды бағыт бере алмайды. Менің ойымша, мұндай сапасыз дүниеге бір миллион доллар жұмсау ақылға қонымсыз. Бұдан бөлек, қазір жұмыссыз жүргендер бес жылдан кейін пайда болатын мамандықтарға көңіл бөлетініне сене алмайсың", - дейді журналист. 

Даудың туындауына негіз болған жаңа мамандықтардың атласын құрастыру ҚР президентінің сайлау алды жоспарын іске асыру барысында қолға алыныпты. 

"Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа кәсіптер мен құзыреттердің атласы" жобасын іске асыру үшін 2019 жылғы 31 қазанда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, ҚР Білім және ғылым министрлігі және "Еуразиялық топ" ЖШС арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасалған болатын. Министрлік мәліметіне сүйенсек, зертеуді құрастыруда 2 мыңнан астам маманның пікірі ескерілген.

Айта кетейік, жаңа мамандықтар атласын дайындауға саясаттанушы, заңгер, Nur Otan партиясынан депутаттыққа үмітті Саясат Нұрбек белсене ат салысқан. Десек те ол атласты жасауға 1 млн доллар кетпегенін айтады.

Жобаға дүниежүзілік банктен алынған 608 мың доллар (257 миллион теңге) жұмсалыпты. Бұл ақша "ARG group" ЖШС (79,2 миллион теңге), "DAMU Research Group" ЖШС (87,6 миллион теңге) және Damu басқаратын концорциум (90,4 миллион теңге) арасында үлестірліген. Бұған қоса, тағы 296 мың долларды Саясат Нұрбекке тиесілі "BTS Education" ЖШС ұйымы жұмсаған. Бұл ақша "Eurasian Resources Group (ERG)" ЖШС алынған. 

Жобаның шығындары мұнымен таусылмайтын секілді. Атластың авторы Саясат Нұрбек платформаны 1-1,5 жылда жаңартып тұру қажет дейді. Бұған шамамен 15-20 миллион теңге қажет екен. 


Бес жылдан кейін Қазақстанда қандай мамандықтар пайда болады: Сенуге келмейтін болжам


"НеКурултай" Youtube арнасына берген сұхбатында Саясат Нұрбек жобаны құрастыруға тек қазақстандықтар мамандар ат салысты десе, кішкенеден соң ресейлік атласты құрастырған мамандар да тартылды деп жаңылады. Ол ресейлік мамандарға қомақты сома төленгенін де ескертеді.

Гүлбану Әбеновадан бөлек, басқа да қазақстандық мамандар атластың негізсіз екенін жарыса айтуда. 

Мысалы, заңгер Джохар Өтебеков таяу болашақта киберқорғаушылар заңгерлердің орнын басады дегенге сенбейтінін жеткізді. 

"Еңбек министрлігі 2030 жылы киберқорғаушылар пайда болатынын айтады. Олар бізден әлдеқайда мықтырақ болады екен-міс: Адамның биометрикалық портреті бар киберқорғаушылар оны қайда болғанын кез келген құрылғының көмегімен бақылап, біліп отырады. Бұл министрліктің не сасқаны?", - деп жазыпты заңгер. 

Талқылау