Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Артық кеттім": Алматы облысында халыққа ақырған дәрігер кешірім сұрады

Алматы облысында халыққа ақырып, үстелді тоқпақтаған Талғар аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері халықтан кешірім сұрады. Оның айтуынша, тұрғындар жеке басына тиісе бастаған соң эмоциясын ұстай алмай, шектен шығып кетіпті. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы оның әрекетіне байланысты тексеру басталғанын жеткізді.

Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Оқиға дүйсенбі күні Талғар аудандық аурухасының сенімгерлік басқаруға берілгенін халыққа түсіндіруге байланысты жиында болыпты. Онда келген тұрғындар бас дәрігер мен аурухананың жаңа басшыларына сұрақтарды қарша боратқан. Аурухана басшысы Нұрлан Құлсейітов кейбір адамдар жеке басына тиісе бастаған соң шектен шығып кеткенін жеткізді. Бұл әрекеті үшін ыңғайсыз жағдайға қалғанын мойындаған ол халықтан кешірім сұрады. Екі жылдан бері еңбек демалысына шықпағанын, наурыз айынан бері демалыссыз жұмыс істеудің де әсері барын жеткізді.

"Ашуландым, ашуланғанда түсінетін олар жоқ. Сосын тұрдым да шығып кеттім. Ашуланғаныма аздап емес, біраз кешірім сұраймын елімнен. Елден артық ештеңе жоқ. Қызметіміз солай болғасын, дәрігер болғасын артық кеттім шын айтайын", - деді бас дәрігер Нұрлан Кұлсейітов.

Бас дәрігердің айтуынша, ауруханада коронавируспен күресу үшін екі айға жеткілікті дәрі-дәрмек қоры бар екен. Ал мемлекет тарапынан берілетін тегін дәрілер кей түрлері жетіспеуде. Жұртшылық соған наразылық білдіруде екен.

"Есіктегі ауруханадан таныс арқылы алып отырмын. Бұл ауруханада ине жоқ, одан кейін 025 деген инсулин жоқ. Менің өмірім тек қана сонда", - деді Талғар тұрғын Ахметжан Байболатов. 

"Кешегі күннен бері Талғар аудандық ауруханасына келіп жүрміз. Оларда дәрі жетіспейді. Бүгін бас дәрігердің қабылдау күні. Біз Құлсейітов Нұрлан Ғаббасұлының қабылдауына кіре алмай жүрміз", - деді тұрғын Рахымжан Мусаров.

"Мен дәрі-дәрмек ала алмай жүрмін. Мен келген сайын күнде ертеңмен келеді. Қарапайым тұрғындар бас дәрігердің қабылдауына кіре алмайды. Бүгін қабылдау күні бірақ кіре алмадым", - деді тұрғын Марина Павлова. 

Ал дәріхана қызметкерлері келген дәрілерді бірден таратып жатқандарын айтуда. Ал жетіспеген препараттарға бірден тапсырыс беріледі екен. Осы аптада болмағанымен келесі аптада жеткізіледі деп сендірді.

"Күнделікті алып жатқаннан кейін, бір күнде пәленбай рецеп тұр. Қаншама адам алады. Бізде поставка каждый неделя болады. Мысалы осы апта бітсе, осы аптаның аяңында келеді. Келесі аптадан бастап, қайтадан тарқатамыз", - деді дәріхана қызметкері Жанна Құрманбекова.

Ал ашуға ерік берген бас дәрігердің әрекеті қаншалықты этикаға жататынын тексеру үшін Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан комиссия құрылыпты.

"Қабылданған шара хабарланады" дейді жауаптылар.

Бұған дейін ашуға булыққан дәрігердің әрекеті қызу талқыға түскен еді.

Талқылау