Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Құда түсіп, қыз ұзатқан: Алматыда той жасағандарға 5 млн теңге айыппұл салынды

Алматы қаласында 10 нысан және 51 жеке тұлғаның карантин режимін бұзғаны анықталды. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы - 5 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Негізгі тәртіп бұзу фактілері – маска режимінің сақталмауы, жұмыс режимінің бұзылуы, дезинфекциялық құралдардың жоқтығы, сонымен бірге жаппай көпшілік шараларды ұйымдастыру.

"18 қыркүйекте Жетісу ауданы Жангелдин көшесі, 193 мекенжайында орналасқан «Данияр» мейрамханасында ұзату той өткізілгені туралы ақпарат келді. Одан кейін жедел түрде мониторинг тобы Жетісу ауданының жергілікті полиция қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп тексеруге барды. Банкет 50 адамның қатысуымен өткізілген. Жеке кәсіпкерге ҚР әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы 1-тармағы бойынша 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды", - делінген хабарламада.

Бұдан бөлек, 20 қыркүйекте түнгі уақытта Медеу ауданында жекеменшік үйде құдалық өткізіліп жатқаны туралы ақпарат келіп түскен. Тексеру барысында ақпарат расталған. Шара ұйымдастырушыларына қатысты екі әкімшілік хаттама толтырылды.

"Сонымен бірге, Әуезов ауданының мониторинг топтарының жұмысы барысында «Мята» кафетериінің түнгі 23-00-ден кейін жұмыс істегені, сондай-ақ, адамдардың топтасып, жиналғаны анықталды. Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 425-бабы 1-тармағына сәйкес 230 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды. Бас мемлекеттік дәрігердің 2020 жылғы 15 тамыздағы қаулысына сәйкес, үйлену тойын, мерейтой, құдайы тамақ өткізуге тыйым салынған. Сонымен бірге үйге көп адамның келуіне болмайды. Бұл шаралар коронавирус инфекциясының таралу қаупін төмендету үшін қажет", - делінген ақпаратта.

Талқылау