17 жастағы қыз "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты арқылы лас ауаны бояуға айналдыратын жобасын іске асырды
Алматы қаласының 17 жастағы тұрғыны Имангалиева Нарминахон мемлекеттік "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантының көмегімен экологиялық бағыттағы All Online атты greentech-стартабын жүзеге асырды. Жас кәсіпкердің жобасы ауаның ластанған бөлшектерін қайта өңдеп, олардан бояуға арналған пигменттер алуға бағытталған. Stan.kz тілшісі жас өнертапқыштың жобасы туралы сұрап білді.
Нарминахон оқушы бола тұра өзінің ойлап тапқан жобасымен айналысып жүрген. Кейін Telegram желісіндегі жастарға арналған түрлі мүмкіндіктер мен гранттар жарияланатын арналардың бірінен өзіне керемет ақпарат алған. Осылайша ол "Тәуелсіздік ұрпақтары" грантына өтінім беруге шешім қабылдаған.
"Шынымды айтсам, бұл мүмкіндікті пайдалану қажет деп ойладым. Грант туралы кездейсоқ білсем де бағымды сынағым келді”, – дейді ол.
“Жас өнертапқышқа мемлекеттен 3 миллион теңге”
Жас кәсіпкердің жобасы – ауаны тазарту арқылы алынған бөлшектерден бояу өндіру технологиясы. Жоба барысында ауадағы зиянды бөлшектер жиналып, арнайы тоғыз кезеңді тазарту процесінен өтеді. Нәтижесінде бояу жасауға қолданылатын пигменттер алынады.
Нарминахонның айтуынша, грантқа өтінім беру процесі қиын болмаған. Қатысу үшін қажетті құжаттарды дайындап, жоба туралы ақпараттарды енгізу жеткілікті болған.
"Құжаттарды толтыру аса қиын болған жоқ. Басқа көптеген гранттарға қарағанда әлдеқайда жеңіл болды. Негізінен қажетті құжаттарды толтырып, жоба бюджеті сияқты мәліметтерді енгізу жеткілікті. Жалпы, өтінім талаптарында көрсетілген барлық құжаттарды дайындап тапсырасыз. Өтінім тапсырғаннан кейін комиссияның барлық құжаттарды қарап, шешім шығаруын күтесіз. Тіпті мектеп оқушысы болсам да, барлық талаптарды орындап, өтінімді өзім бере алдым", – дейді ол.
Грант иегері атанғаны туралы жаңалық жас кәсіпкер үшін ерекше сәт болған. Оның айтуынша, бастапқыда бұл ақпаратты бірден түсінбеген.
"Маған телефон арқылы хабарласты. Әдетте мұндай ақпараттар электронды пошта арқылы келетін еді. Сондықтан алғашында не болғанын толық түсінбедім. Кейін бәрін түсінген кезде қатты қуандым. Мемлекет жобамды қолдауға 3 миллион теңге қаражат бөлді. Бұл менің бастамамды іске асыруға керемет мүмкіндік болды", – дейді ол.
Нарминахонды әсіресе грантқа 1700-ден астам өтінім түскені таңғалдырған. Ол осындай үлкен іріктеуден өтіп, жеңімпаз атанғанын үлкен мүмкіндік деп бағалайды. Жас кәсіпкердің сөзінше, "Тәуелсіздік ұрпақтары" гранты бастамасына жаңа дем берген.
"Грант біз үшін үлкен көмек болды. Ол жобамызды қаржыландырудың маңызды бөлігіне айналды. Осы қолдаудың арқасында идеямызды іске асыра алдық. Менің ойымша, осындай мемлекеттік бағдарламалар ең алдымен жастарға үлкен мүмкіндік береді. Олар жас бастамашылардың өз жобаларын іске асырып, өздері айналысып жүрген ісін дамытуына жол ашады. Мұндай бағдарламаларға қызығушылық өте жоғары. Мұны жыл сайын түсетін өтінімдердің көптігінен-ақ байқауға болады. Сондықтан жастарға осындай бағдарламаларға қатысып, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беріліп отырғаны өте маңызды әрі қуантады деп есептеймін", – дейді грант иегері.
"Тәуелсіздік ұрпақтары" қандай бағдарлама?
“Тәуелсіздік ұрпақтары” – жастардың тың идеяларын қолдап, олардың жобаларын жүзеге асыруына мүмкіндік беретін мемлекеттік гранттық бағдарлама. Бағдарлама аясында жас қазақстандықтар өз бастамаларын дамытып, қажетті ресурстарға қол жеткізе алады. Мемлекеттік бағдарлама 2021 жылы бастау алған. Содан бері жыл сайын отыз шақты адамның жаңа жобаларына 3 миллион теңгеге дейін ақша бөліп демеушілік көрсетіледі.
Мұнда 14 пен 35 жас арасындағы ғылым, білім, кәсіп салалары сияқты түрлі салаларда ерекше жобалары бар жастар қатысып бақ сынай алады. Нақтырақ айтқанда жалпы алты бағыт қарастырылған. Олардың қатарында:
- Ғылыми зерттеу;
- Мәдени мұра мен өнерді насихаттау;
- Кәсіп саласындағы жобалар;
- Жасанды интеллект жобалары;
- Жастарға арналған танымдық бағыттағы медиа жобалар;
- Түрлі мәселелерді шешуге арналған еріктілерге арналған жобалар бар.
Бағдарламаға қалай қатысуға болады?
Биыл да бағдарлама арқылы 30 қазақстандық өз жобасын дамытуға 3 миллион теңгедей қаражат бөлді. Оған қатысу мерзімін Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты органдар жыл сайын алдын ала хабарлап отырады.
Грант конкурсына қатысу үшін: туу туралы куәлік, жобаның өзінің өнімі екенін анықтайтын құжат, жобаның (бейне, презентация түріндегі) таныстырылымы, шыныдар жазылған смета мен жалпы сипаты туралы ақпарат жолдануы керек.
Грант жеңімпаздары комиссия қорытындысынан кейін жекелей хабарланады.
Бүгінде "Тәуелсіздік ұрпақтары" сияқты мемлекеттік бастамалар жас қазақстандықтардың әлеуетін ашып, инновациялық әрі әлеуметтік маңызы бар жобалардың дамуына ықпал етіп келеді. Бұл жастарға өз бастамаларын одан әрі дамытуға ынта мен жігер береді.