"Дубайда 3000 пәтер бар": Не себепті шетелдегі мүлкі үшін Қазақстандық олигархтарға салық салынбайды
Депутат Ринат Зайытов Дубайдан жылжымайтын мүлік сатып алған қазақстандық олигархтардың Қазақстанда сән-салтанат салығын төлемей отырғанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: freepik.com
Үкімет 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік пен құны 75 миллион теңгеден асатын автокөліктерге ұлғайтылған салықты енгізуді ұсынып отыр. Сондай-ақ қымбат алкоголь, темекі, кемелер мен ұшақтарға да қосымша акциз енгізілмек.
Осы орайда депутат Ринат Зайытов үкіметтің шетелде қымбат жылжымайтын мүліктері бар қазақстандықтарды салық төлеуге неге міндеттемейтінін сұрады.
"Жақында Дубайда 3000-нан астам пәтері бар азаматтарды таптық. Олардың әрқайсысының құны 500 миллион теңгеден кем емес (Бұл Еуропалық Одақ сарапшыларының баяндамасында айтылған). Шетелде жылжымайтын мүлкі барларға неге салық салынбайды? Неге біз оларға салық салмаймыз? Бұл мұндай кірісті жасыруға кедергі болуы мүмкін", – деді депутат.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жылжымайтын мүлік салығы мүлік орналасқан елде төленетінін айтты.
"Мысалы, Дубай азаматы бізден пәтер сатып алса, оған Дубай үкіметі емес, біз салық саламыз. Ауылда үйіңіз болса, бұл салық осы облыстың бюджетіне түседі", – деді ол.
Дубайдағы қазақстандықтарға тиесілі үш мың пәтерге қатысты вице-министр бұл жылжымайтын мүлікті алудың заңдылығын Бас прокуратура тексеретінін түсіндірді.
"Бұл олигархтардың меншігі, оны заңсыз немесе қылмыстық топ иемденуі мүмкін. Бұл заңды түрде тексеріледі", – деді Біржанов.
Айта кетейік, бұған дейін ұлттық экономика экс-министрі Әлібек Қуантыров несиеге сатып алынған мүліктерге де сән-салтанат салығы салынатынын мәлімдеген еді.