Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мемлекет неге тек көпбалалы аналарға көмектеседі?!": "Қалаулымның" экс-қатысушысы жалғызбасты аналардың мұңын айтты

Атышулы "Қалаулымның" экс-қатысушысы жалғызбасты аналардың күйін күйіттейтін ешкім жоқ деп ашынады. Билік көрсететін жәрдем тек көпбалалы аналарға ғана ұйымдастырылған, карантин кезінде жалғызбасты аналар далада қалды деп күйінеді. Stan.kz тілшісі Саяхат Садикованың өзімен тілдесіп, іштегі назын тыңдады. 

саяхат

Карантин басталғанда істеп жатқан сұлулық салоны жабылып, жұмыссыз қалған Саяхат одан бері күн көрісі қиындағанын айтады. Үкімет тарапынан жалғызбасты аналарға көмектің жоқ екеніне қынжылады. 

"Мен жалғызбасты анамын. Кәмілетке толмаған екі балам бар. Карантинге байланысты жұмыссыз қалдым. Наурыз айынан бері үйдеміз. Үкімет тарапынан ешқандай көмек жоқ. Жалғызбасты аналарға жағдай жасалмаған. Не үшін жалғызбасты аналарға ешқандай көмек жоқ? Тек көпбалалы аналардың жағдайын жасаған. Сонда қалғандары адам емес пе? Біздің билік не үшін осындай жағдайды қарастырмайды?",  - дейді жалғызбасты ана.

Карантинде табыссыз қалғандарға берілетін 42500 теңгенің де рахатын көрмедік дейді. Алғашқы екі айда алғанмен шілде айына берілетін көмекті ала алмай отырмыз дейді. 

"Карантинге байланысты жұмыс істеп жатқан сән салоным жабылып қалды. Басқа жұмыс істейін десем, қазіргі жағдайда жұмысқа да еш жер алмайды. Ең болмағанда ыдыс жуушы болып барайын десем, кафелер мен мейрамханалар да істемейді. 42 500 теңгені сәуір және мамыр айларына алдым. Одан кейін жұмыссыз ретінде тіркеліп қойдым. Үшінші рет алайын десем, жұмыссыз статусында тұрсың деп берілмеді", - деген Саяхат қазіргі күні қарызға белшесінен батқанын айтады. 

"Менің мойнымда банкке қарыз болған соң, есеп шотымды түгел бұғаттап тастады. Күніге банктен кредитіңді төле деп қылқылдап қоңырау шалады. Жалғызбасты аналарға не істеуі керек, аштан өле беруі керек пе? Ресми жұмысқа тұрайын десем, есеп шотымды бұғаттап тастаған. Қарызға белшеден баттым", - деген ол енді қалай күн көретінін білмейтінін айтады. 

 

Талқылау