Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаевтың ұлы Тауман Назарбаев Астана қаласында үйленеді – БАҚ

Тауман Назарбаев тойы

Нұрсұлтан Назарбаевтың Асель Исабаевадан туған үлкен ұлы Тауман Назарбаев үйленгелі жатыр. Тауман қазір 21 жаста, ал той Астанадағы ең қымбат қонақүйлердің бірінде өтеді деп жоспарланған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Басылым дереккөздерінің хабарлауынша, той The Ritz-Carlton, Astana қонақүйінде ұйымдастырылады. Тауманның қалыңдығы – индустрия министрінің бұрынғы орынбасарының қызы.

Тойға дайындық кезінде қауіпсіздік шаралары күшейтілген. Дереккөздердің айтуынша, қонақүй маңындағы аумақты қоршау шаралары мерекеге бір күн қалғанда басталған.

Той қонақтарының арасында саясаткерлер, ірі кәсіпкерлер және Нұрсұлтан Назарбаев президент болған жылдары ықпалды болған элита өкілдері болады деп жоспарланып отыр.

Тауман Назарбаев туралы не белгілі

Тауман Назарбаев 2005 жылы дүниеге келген. Оның анасы Асель Исабаева, жұртшылыққа Асель Құрманбаева есімімен де белгілі. Ол 1999 жылы "Мисс Қазақстан" атағын жеңіп алған.

Асель Құрманбаева

Нұрсұлтан Назарбаев өзінің екінші отбасы туралы көп жыл бойы ашық айтқан жоқ. Экс-президент бұл туралы алғаш рет 2023 жылы жарық көрген "Менің өмірім" атты мемуарында жазды. Оның айтуынша, Асельмен мұсылмандық дәстүр бойынша некеге тұрған. Бұл отбасында екі ұл дүниеге келген: Тауман 2005 жылы, Байкен 2008 жылы туған.

2024 жылдың наурызында Тауман Назарбаевтың есімі қайтадан ақпарат құралдарында аталды. Нұрсұлтан Назарбаев Біріккен Араб Әмірліктеріндегі New York University Abu Dhabi кампусында қазақстандық студенттермен кездескен. Сол жерде онымен бірге Тауманға ұқсайтын жігіт болған.

Тауман Назарбаевтың жеке өміріне қатысты бұған дейін де ақпарат тараған. 2023 жылдың көктемінде оның сол кездегі энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің қызы Анадэль Майдановамен құда түскені туралы ақпарат тарады. Кейін министрлік бұл мәліметті жоққа шығарып, Тауман мен Анадэльдің сыныптас екенін мәлімдеді.

Тауман Назарбаевтың аты 2022 жылы "Азаттық" жариялаған журналистік зерттеуде де аталды. Зерттеу барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың қаңтар оқиғаларынан кейін кейбір мүлкін ұлдарының атына қайта рәсімдей бастағаны айтылған. Олардың қатарында елордадағы сарайлардың бірі мен оған тиесілі жер учаскелері 17 жастағы Тауманның атына өткен деген ақпарат болды.

Назархан Уән
Жексенбі, 13 Қыркүйек, 2026 14:15