Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Назарбаевтың құлауы": Суретші Ербосын Мелдібековтің көрмесіне ерекше экспонат қойылды (видео)

Қазақстандық суретші Ербосын Мелдібеков негізгі экспонаттарының бірі бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші саналатын жаңа көрме ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан алынған кадр

Суретшінің көрмесі қазақстандықтардың қызығушылығын тудыруда. Себебі басты экспонат – Назарбаевтың ескерткіші әдеттен тыс кескінде, түрлі бейнелерде ұсынылған. Суретші бөлме ішіне Назарбаевтың құлап бара жатқан ескерткіштерін орналастырған. 

Бұл Назарбаевтың жеке басына табынушылықты жоққа шығаруды бейнелей ме, әлде экс-президенттің ескерткіштері қазіргі бар шындықтың ирониясы ма белгісіз. Суретшінің өзі көрмеге қатысты пікір білдірген жоқ.

Алайда Азаттық радиосына берген сұхбатында Мелдібеков ирониясы бар суретші екенін айтты. Қазақстанда суретшінің туындылары онша танымал емес, бірақ шетелде құлшыныспен сатылуда.


 


 

Бұл Мелдібековтың тұңғыш президентке арнаған алғашқы көрмесі емес. Осыған дейін Ербосын Мелдібеков танысына Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір жолы туралы түсірілген көркем фильмдердің барлығына шолу жасап, өз сөзімен айтып беруін сұраған. Бұл фильмнің жалпы ұзақтығы 10 сағатты құрайды. Қайта әңгімелеу 24 сағатқа созылады және радиохабар форматында көрсетіледі. Дауыс репродуктор арқылы таралады. Мұндай құрылғыны 20 жыл бұрын әр үйден көруге болатын.

Сонымен қатар суретші Жаңаөзен оқиғасынан кейін "Тәуелсіздік күні" атты бейне-арт жасады.

“Осы видеодан кейін мен оппозициядан қаншама жағымсыз сөздер естідім. Алайда дәл осы фильм арқылы көпшілік Жаңаөзен оқиғасы туралы біле бастады. Мен үшінші тарап ретінде әрекет етемін. "Мен суретшімін және өз пікірім бар", - деді ол БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Айта кетейік, Талдықорғандағы қаңтар оқиғасы кезінде экс-президенттің ескерткіші құлатылғаннан кейін Қазақстанда Назарбаев ескерткіштері бірнеше жерден алынып тасталды. Атап айтсақ, Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында экс-президенттің ескерткіші бұзылып, Алматы метросынан Назарбаевтың суреті алынып тасталған еді. Сондай-ақ Ұлттық музейдің ашық алаңынан да Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынып тасталды.

Талқылау