Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаевтың ескерткіші Ұлттық музейден алынып тасталған

Ұлттық музейдің ашық алаңынан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткіші алынып тасталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Назарбаев музей

Сурет ашық дереккөзден

Ұлттық музей тұңғыш президент ескерткішінің жоғалып кету себебін түсіндірді. Мұражайдың мәліметінше, ескерткіш бұрын тұрған атриум түсінігі өзгергендіктен алынып тасталған.

“Дүниежүзілік мұражай тәжірибесіне сәйкес, әрбір мұражай өзінің көрме залдарының концептуалды мазмұны мен көркемдік-стильдік дизайнын мезгіл-мезгілімен жаңартып отыруға міндетті. Ұлттық музей осы тәжірибеге сүйеніп, атриумды түрлендіруді бастады. Оның негізгі міндеті – келушілер билеттерді сатып алуға, экскурсияларға тапсырыс беруге, отандық кәдесыйларды сатып алуға, ғылыми оқу залына баруға болатын демалыс аймағының функционалдығын қамтамасыз ету. Экскурсиялар атриумда басталады және мұнда Ұлттық музей, оның коллекциялары мен көрме залдары туралы кіріспе ақпарат беріледі”, – делінген ақпаратта.

Мұражайдың хабарлауынша, 2014 жылдан бері жаңартылмаған "Тәуелсіз Қазақстан" залын реэкспозициялау жұмыстары басталды, онда қазіргі тарихи кезеңнің маңызды оқиғалары толық қамтылады.



“Мұражай әлеуметтік жадының институты ретінде заман талабына жауап бере отырып, қоғамға қызмет етуге міндетті. Сондықтан жақын арада мұражайдың көрме кеңістігін одан әрі жақсарту жұмыстары бірқатар көрме залдарын жаңартумен, ғимараттың ішкі және сыртқы қасбетін жөндеумен, материалдық-техникалық жарақтандыру және қайта жабдықтаумен байланысты болады. Біз, музей қызметкерлерін қазақстандықтардың, атап айтқанда, музейдің дамуына қызығушылық танытып, ондағы іс-шараларды, акцияларды, көрмелерді бақылап отыратын журналистердің қамқорлығы қуантады. Көрмелердің мазмұнындағы алдағы өзгерістер мен жаңартуларды және ҚР Ұлттық музейінің көрме залдарының көркемдік-стильдік шешімдерін жалпы жұртшылық жоғары бағалайды деп сенеміз”, – деп қосты Ұлттық музей өкілдері.

Назарбаев ескерткішіне тоқталған Ұлттық музей басшылығы жәдігердің мұражайдың меншігі екенін және зал концепциясының өзгеруіне байланысты мұражай қорында тұрақты сақталатынын атап өтті.

Айта кетейік, Талдықорғандағы қаңтар оқиғасы кезінде экс-президенттің ескерткіші құлатылғаннан кейін Қазақстанда Назарбаев ескерткіштері бірнеше жерден алынып тасталды. Атап айтсақ, Астанадағы Ұлттық қорғаныс университетінің аумағында экс-президенттің ескерткіші бұзылып, Алматы метросынан Назарбаевтың суреті алынып тасталған еді.

Талқылау