Назарбаев: Адам денсаулығының 10-15 пайызы ғана медицинаға тәуелді
Мемлекет басшысына денсаулық сақтау саласын дамытуға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы жөнінде аралық есеп беріліп, министрліктің алдына қойылған міндеттердің орындалуы туралы ақпарат ұсынылды.
Елбасы ауру-сырқаудың алдын алу шараларының маңыздылығын атап өтіп, салауатты ұлт қалыптастыру ісінде халықтың ерекше рөл атқаратынын айтты. – Азаматтарымызды өздерінің денсаулықтарын нығайтуға тартуымыз қажет, деп хабарлайды Хабар арнасы.
“Адам денсаулығының 10-15 пайызы ғана медицинаға тәуелді. Қалғанының бәрі тек өзіне байланысты болады”, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан президенті халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау мәселесіне тоқталып, қазақстандықтардың өмір сүруінің орташа ұзақтығын 80 жасқа дейін көтеру жөніндегі міндеттің өзектілігіне назар аударды. Денсаулық сақтау министрі Қазақстан Президентіне тұрғындар денсаулығының негізгі көрсеткіштерінің жақсарып келе жатқанын мәлімдеді.
“Барлық көрсеткіш бойынша ахуал тұрақты. Өмір сүрудің орташа ұзақтығы көтерілуде. Ана өлімінің көрсеткіші төмендеп келеді. Бала өлімінің көрсеткіші де қатарынан бірнеше жыл бойы төмендеуде”, – деді Елжан Біртанов.
Денсаулық сақтау министрі халықтың денсаулығын жақсарту бойынша министрліктің қабылдап жатқан шаралары жөнінде айтып, ауру-сырқау белгілерін бастапқы сатыда анықтаудың маңызды екенін атап өтті.
“Қазақстанда 2012 жылдан бастап тегін дәрі-дәрмекпен қамту жөніндегі бағдарлама жүзеге асырылуда. Оның тиімділігі өте жоғары. Бағдарлама аясында 2,5 миллионға жуық адам аурудың 50 түрі бойынша, соның ішінде күретамыр гипертониясы, қант диабеті және онкологиялық аурулар бойынша тегін дәрі-дәрмекке қол жеткізіп отыр”, – деді Біртанов.
Сондай-ақ, Елжан Біртанов Нұрсұлтан Назарбаевқа көрсетілетін алғашқы медициналық қызметтердің сапасын арттыру және денсаулық сақтау жүйесіне цифрлық технологияларды енгізу жөнінде қабылданып жатқан шаралардың нәтижелері туралы баяндады. Кездесу барысында Мемлекет басшысы дәрі-дәрмек бағасын мемлекеттік реттеу және фармацевтика саласындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу мәселелеріне ерекше тоқталды. – Менің бағаға қатысты мәселені шешу жөнінде берген тапсырмамнан кейін Фармация комитетінің төрағасы, «СК-Фармация» компаниясының басшылығы және бес облыстың басқарма басшылары ұсталды.
Дәрі-дәрмек бағасының негізсіз өсуі шарттар жасасудағы заңнан тыс әрекеттер нәтижесінде орын алады, – деді елбасы.
Қазақстан Президенті алға қойылған міндеттердің уақтылы іске асырылуын қамтамасыз етуді және денсаулық сақтау саласына, соның ішінде дәрі-дәрмектерді сатып алу үрдісіне тиісті бақылау орнатуды тапсырды. Бұл ретте, Нұрсұлтан Назарбаев Біртановқа өзі басшылық ететін салаға дербес жауап беретінін ескертті.
Тағы да оқыңыз:
Атамбаев: Назарбаев мені ешқашан кешірмейтінін білдім
Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы: Қызымды көрмегеніме,сөйлеспегеніме 2 жыл болды
Қазақстанда ер азаматтар әйелінің жатырын жалға беріп ақша тауып жүр