Науқастарға суды бөтелкемен тасып жүр: Қызылорда тұрғындарын ауруханадағы ауыз суының жоқтығы ашуландырды
Қызылорда тұрғыны Динара Эшакова аурухананың жағдайын айтып шағымданды. Оның айтуынша, медициналық мекемедегі науқастар ауыз суға зәру. Сол себепті тұрғындар ауруханадағы туыстарына суды өздері тасып жүр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Күн сайын инфекциялық ауруханаға бөтелкемен су алып барамыз. Жарайды, тамақ, палаталардың жай-күйі туралы айтпаймын, бірақ ауруханада қарапайым ауыз суы жоқ. Мекемеге фильтр орнатуға болмайтын ба еді? Неліктен шенеуніктердің көліктері мен кабинеттерін жаңартуына, әртүрлі бағдарламаларды насихаттау үшін біз миллиондап ақша жұмсаймыз, ал ауруханаларға әлі күнге дейін таза су алып келе алмай жүрміз?" – деп жазды желі қолданушысы.
Бұған қоса, ол депутаттардың бұл мәселеге көңіл аударуын сұрады.
Өз кезегінде облыстық инфекциялық аурухана өкілдері тұрғынның шағымына жауап берді. Сөздерінше, дәліздегі су ішетін диспенсерлер аурудың таралуына байланысты алынған.
"Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының өзге ауруханаларға қарағанда салалық өзгерістері бар. Яғни аурухана аты айтып тұрғандай инфекциялық ауруларды емдейтін болғандықтан ауруханаішілік жұқпаны алдын алу мақсатында диспенсер аппараттары ортақ орынға (яғни коридорға) орналастырылмайды. Аурухана ішінде дәліз қатынасына шектеу қойылған. Науқастар емделетін палаталарда санузелдер жеке-жеке қарастырылған.
Казіргі уақытта ауруханадағы қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты, көптеген жоспарлы жұмыстардың кезең-кезеңімен іске асырылатынын мәлімдейміз. Соның ішінде, науқастарға көрсетілетін жеке көмек ( индивидуальный подход) шаралары да жоспарда бар", – деді аурухана өкілдері.