"Науқастарды бірде бір аурухана қабылдамайды": Шымкенттік дәрігер жанжал тудырған видео туралы айтты
Шымкент әкімдігінде жедел жәрдеммен болған жанжалға түсініктеме берілді. Ал желіге тараған видеоның авторы қала тұрғындары алдында кешірім сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Оtyrar.kz басылымына сілтеп.
"Сол кезде дүрбелең салғаныммен, мен жедел жәрдемдегі науқас үшін өте қорықтым. Оның жағдайы нашарлап бара жатқанын көріп, күтуден шаршайсың. Сондай жағдайда түсірілген видео еді. Эмоцияға қатты беріліп кеттім. Біраз уақыттан кейін жағдай шешіліп, бізге стационардан хабарласты. Бірақ науқастың жағдайы ауыр болғанымен, оған орын жоғын айтты. Мен видеоны желіде тарту үшін түсірмедім. Оны өзіме алдағы уақытта керек болады деп түсірдім. Кешірім сұраймын", - деді жедел жәрдем дәрігері Арман Хамзин.
Өз кезегінде қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рустам Албаев "бүгінде қалада коронавирусты инфекциямен ауыратын 2084 науқас тіркелген, оның 45 пайызы — симптомсыз. Провизорлық стационарлардың төсек қоры 89 пайызға жүктелген. Жақында төсек-орын қоры 200 бірлікке артады. Дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры бар", - екенін атап өтті.
- "Ауруханаларда орын жоқ": Шымкентте науқастар мен дәрігерлер әкімнің сөзін жоққа шығарды
- Қазақстандық дәрігер: Коронавирус пен пневмонияның айырмашылығы бар
Айта кетейік, бұған дейін желіде жедел жәрдем дәрігері Арман Хамзин түсірген видео қызу талқыға түскен еді. Кадрда медициналық мекеменің жанында тұрған жедел жәрдем көлігі көрсетілген.
"Мен жедел жәрдем дәрігерімін, пневмониямен ауыр науқасты әкелемін. Бірде-бір стационар оны қабылдамайды, орын жоқ дейді. Енді не істеу керек? Кеше екі науқас біздің машинада қайтыс болды. Осы бассыздыққа қарайтын біреу ар ма? Мен қайда баратынымды білмеймін", - деген еді Арман Хамзин.