Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ауруханаларда орын жоқ": Шымкентте науқастар мен дәрігерлер әкімнің сөзін жоққа шығарды

Шымкентте короновирус пен пневмония жұқтырғандарды қабылдайтын орын тапшы. Қала әкімі Мұрат Әйтенов "дабыл қағуға негіз жоқ, орын да, дәрі де жеткілікті" - деп оңды-солды есеп беріп жатқанымен, науқастар мен дәрігерлер мүлдем басқаша айтады. Аузы-мұрнына шыға толған ауруханалар жедел жәрдем әкелген науқастардың көпшілігін қабылдай алмай жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агентігі КТК арнасына сілтеп  хабарлайды. 

шымкент

Шымкенттегі жаңадан ашылған модульді жұқпалы аурулар ауруханасына жедел жәрдеммен жеткендер кіргізілмей жатыр. Себебі, мүлдем орын жоқ. Ауыр хәлде жеткізілгендердің туыстары жүйкесі тозып, дәрігерлермен айқасуға дейін барып жатыр.

Әкімнің "орын жеткілікті" деген сөзіне сенген жұрт енді дәрігерлерге өкпелі.

"Бірақ әкімдіктен айтылған, орын жетерлік, барлық адамға қосымша орын бар, қабылдаймыз, бізге адам қымбат деп айтылған ғой. Адам қымбатына қымбат қой. Бірақ адам қымбат мемлекет осылай жасай ма?", - дейді қала тұрғыны. 

Шымкенттегі жағдайдың қиындағаны сондай, ауруханалардың көпшілігінде орын жоқ. Күннен-күнге көбейіп жатқан коронавирусқа шалдыққандарға қоса, өкпе қабынуы мен ЖРВИ жұқтырғандардың саны жоғарылап барады. Әу баста шұғыл түрде ковидтің тырнағына ілінгендерге деп салынған 200 орындық аурухананың жартысын кеше амалсыз пневмония мен ЖРВИ жұқтырғандарға берген. Енді короновирус жұқтырғандарды тасыған жедел жәрдем кіре алмай, жүргізушілері мен көлік ішіндегі науқасқа дейін жарылуға шақ тұр.

"Бір жарым сағат болды алып жүргенімізге, ауруханалар қабылдамайды. Не істеуіміз керек? Мен вирус жұқтырған адаммен бір жарым сағат болды жүргеніме. Мен ауырсам не болады?", - деп шамданды жедел жәрдем жүргізушісі. 

Ал әріптестері күннен-күнге сиреп, күндіз-түні жұмыста жүрген дәрігерлер орын тапшы екенін жасырмайды. "Қолда бар төсек-орынға сиғанынша жатқызып жатырмыз" деген олар вирус бұлай көбейе берсе, қосымша орындар ұйымдастыру қажеттігін айтады.

"Кейде орыннан қиналып жатқан кездеріміз бар. Бірақ бұған қарсы жұмыстың бәрі жүріп жатыр. Басқармамен барлық жұмыс жасап жатырмыз. Қызуы көтерілуіне байланысты, егер қатты көтерілетін болса енді басқа да орындар ашылуы керек деп санаймын", - дейді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Амангелді Нұрлыбаев.

 

Талқылау