Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Науқас аналарын бағып отырған балалар барша халыққа алғыс айтты (фото, видео)

Шымкентте “Күміс алқа” иегері қатерлі ісік дертіне шалдығып, мектеп жасындағы бес баласы пакет теріп , қолдарынан келгенше жұмыс істеп, асырап жатқаны жайлы бұған дейін жазғанбыз. Бала күнінен  жетімдікті көріп, аналары ауыр дертке шалдығып, тұрмыс тауқыметін тартқан балалар бүгін барша халыққа алғыстарын айтты,-деп жазды Stan.kz.

көмек3

Бұған дейін Stan.kz  сайтының өңірдегі тілшісі  ауыр жағдайды бастарынан өткізіп жатқан отбасыға барып, фоторепартаж дайындаған еді. Науқас ананың телефон номері мен есеп шотын жариялап, барлық халықтан көмектесуді сұраған еді. Наурыз мерекесінің қарсаңында  көмекке мұқтаж отбасының балалары жылы киіммен қамтамасыз етіліп, ыстық тамақ ішіп, болашаққа деген үміттері жандана түскенін айтты.

көмек

“Менің халқыма алғысым шексіз. Үмітім қайта оянып, өмірге деген қызығушылығым арта түсті. Төсек тартып жатқан кезде балаларымның жылы киініп, дәмді тамақ жегенін көрудің өзі бақыт. Әриене, ешкімнің басына салмасын. Менің бұл сөзімді аналар жақсы түсінеді. Халқым, осы жақсылықтарыңыз өздеріңізге мың есе болып қайтсын. Есеп шотыма да ақша салып жатқандар саны көп. Өзім орнымнан тұра алмай жатқаннан кейін, әлі барып тексеріп көргенім жоқ. Салдық дегендер көп. Үйге әкеліп беріп жатқандар бар. Ақшадан бөлек тамақ, жылы киімдер көптеп әкелінді.  Баршаңызға мың алғыс”,-деді көзіне жас алған Ділбәр Құттыбай.

көмек1

Үйлеріне тамақ тасып, өздеріне жылы сөздерін айтып жатқан үлкендерге балалардың да алғысы шексіз.

көмек9

Балаларға тәттілер мен үйге азық-түлік алып келгендердің көпшілігі БАҚ-та өздерін көрсетпеуді сұрады.

көмек4

Балалар әпкелері пісірген ыстық нанды жеп, аналары жазылып кетеді деп қуанып жүр.

көмек5

Өздеріне шақ келетін жылы киімдерді тауып, киіп те алған.

көмек6

Халыққа алғыстарын айтқан балалар, әкелерінің рухына арнап құран оқытуға дайындалып жатыр екен.

көмек7

Ділбәр Құттыбайға хабарласатындардың көптігі соншалықты, тілші барған бір сағаттың ішінде сұхбат беруге әрең уақыт тапты.

“Осы сіздер келіп кеткеннен кейін көмек бергісі келетін адамдар күндіз-түні хабарласып жатыр. Халыққа алғыстан басқа айтарым жоқ. Біз кейде бір адамнан көрген жаманшылықты бірнеше рет қайталап  айтып қоямыз.Негізі жақсы, мейірімді адамдар көп екен. Өзім денсаулықтың қадірін білетін адам ретінде, барлығына бірінші, ауырмасын деп тілеймін”,-деді Ділбәр Құттыбай.

көмек8

“Мен үйімізге келіп, тамақ беріп, мамама ақша беріп жатқан ағалар мен әпкелерге рақмет айтамын. Енді мамам дұрыстап ем алып, жазылып кетсе екен.Бізге мамамыз ауырмаса болды. ауырмай тұрған кезде ол өзі жұмыс істеп, бізге барлық затты алып беретін. Киініп, тәтті тамақтар жеп жүретінбіз”,-дейді үйдің кішкентайы Асылхан Досан.

көмек2

Балалардың бірі журналистерден  “Жұрттан көмек сұрай берсек бізді балалар үйіне алып кетіп қалуы мүмкін ба?” деп сұрады. Себебі, балаларға  интернаттағы  мұғалімдері БАҚ-тан жиі шығабермеңдер деген кеңес айтыпты.

Сайтымыздың тілшілері барған кездің өзінде, бұл үйге азық-түлік тиелген көлікпен  қыз бен жігіт келді. Олар жақсылықтарын жасыру мақсатында өздерін көрсетпеуді сұрады.

17 жастағы Ділбәр Құттыбайдың екінші ұлы, халықтан жиналған ақшаға  бірінші болып анасын емдетуді жоспарлап отырғанын айтты.

Алты баланың анасы өзі емделгеннен артылып жатса, балаларына жылы баспана салып алуды армандап отыр.

Ділбәр Құттыбайға Қазақстанның барлық аймағынан дерлік еріктілер хабарласып, көмек беруге әзір екендерін айтқан.

Аналарының қуанышына жандары жадырай түскен балалар, болашаққа жоспар құрып, мұқтаж жандарға өздері де көмек қолын сөзатын жағдайға жетсек дейді.

Қазір Ділбәр Құттыбайдың туған әпкесі балаларына қарап, көмектесу   мақсатында сіңлісінің үйіне келген. Ол қолы ашық, мейірімге бай адамдарға алғысын айтып, жаратқаннан сіңлісінің аяғына тұрып, балаларына қамқор болуын тілеп отыр.

Бұған дейін бес баланың көмекке зәру екенін хабарлаған болатынбыз. Бес бала аналарын емдету үшін пакет теріп, ақша тауып жүрген еді.

Талқылау