Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үйде босануды жөн көрген әйел сәбиінен айырылды

Аустралияның батысында орналасқан Перт қаласында үйінде босануды жөн көрген әйелдің баласы шетінеп кеткен, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail басылымына сілтеме жасап. 

Сенбі күні түнгі үште дүниеге келген сәбие тыныс алмаған көрінеді. Әйел босанған кезде оның жанында жолдасы мен доула болған. Доула алғашқы көмек көрсете алмағандықтан, сәбидің әкесі оның жүрегіне массаж жасап, баланы тірілтуге тырысқан. 

Жедел жәрдем дәрігерлері 10 минуттан кейін келген көрінеді. Бала ауруханаға жатқызылыпты, алайда оны аман алып қалу мүмкін болмаған. 

Айта кетсек, доула – жүктілік кезінде, босанғанға дейін және одан кейін әйелге медициналық емес қолдау мен жеке көмек көрсететін адам. Әдетте доуланың медициналық дайындығы болмайды.



Аустралияда заң бойынша доулаға немесе басқа адамға дәрігерлік немесе акушерлік біліктілігі жоқ болса, әйелге босанар кезде медициналық көмек беруге рұқсат етілмейді. Бұл ережеге бағынбағандарға қомақты сомада айыппұл қарастырылған. 

Пандемия басталғаннан бері Батыс Аустралияда үйде босануды жөн көретін әйелдердің саны 62,8%-ға өскен. 

Аустралияның акушерлер колледжінің мамандары аталған мәселенің әйелдер босанар кезде медициналық қызметкердің көмегінен жүгінбеуінен болатынын мәлімдеді. 

“Байқағандарыңыздай, жүктілік кезінде білікті маманның тексерісінен өтпегендіктен осындай қайғылы оқиға орын алып отыр. Тіпті әйел үйінде аман-есен босанса да оның жанында міндетті түрде дәрігер болуы шарт”, – дейді акушер Келли Уинтон. 

Полиция өз кезегінде бұл жағдай бойынша күдікті жоқ екенін айтып, тиісті есеп дайындауда. 

Талқылау