"Наразылық тудырып, істі саясиландырғысы келеді": Гүлмира Сатыбалдының адвокаты ол ешқандай мүлікті тартып алмағанын мәлімдеді
Гүлмира Сатыбалдыға қатысты сот отырысы Алматының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жалғасып жатыр. Сот отырысынан кейін Гүлмира Сатыбалдының адвокаты Әсемгүл Даниялова БАҚ өкілдеріне жауап беріп, жәбірленуші тарап қылмыстық істің мән-жайын бұрмалап жатыр деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz агенттігі хабарлайды.
Фото: Stan.kz
Гүлмира Сатыбалдының қорғаушысының сөзінше, жәбірленуші тарап қоғамға дұрыс емес ақпарат беріп, наразылық тудырып, қылмыстық істі саясиландырғысы келеді. Осыған байланысты адвокат мәлімдеме жасады. Ол Гүлмира Сатыбалды ешқандай мүлікті тартып алған емес деді.
“Біздің клиент (Гүлмира Сатыбалды – ред) Абай Қадырұлы Жүнісовтен кәсіпорын мен бизнесті және оның туыстарының мүлкін ешқашан тартып алған емес. Жәбірленушінің өзі айтып бергендей, ол Айбатыр Жұмағұлов екеуі Baur Kazakhstan АҚ компаниялар тобының құрылтайшысы болған. Шынында Гүлмира Сатыбалды бұл компаниялардың қызметіне ешқашан араласпаған. Барлық компанияны Абай Қадырұлы Жүнісов және оның туыстары басқарған. Олар сол кездегі осындай ынтымақтастықтың пайдасын көрді. Клиентіміз мемлекет алдындағы орындалмаған міндеттемелердің бар екенін, сондай-ақ "Восточка" тұрғын үй кешеніндегі тұрғын үйлердің құрылысы аяқталмағанын және үлескерлердің өз пәтерін уақытылы алмай, Алматыда тұрғындар митингке шыққаннан кейін ғана білді. Соның салдарынан әлеуметтiк шиеленiске ұшырады, содан кейiн ғана қаражатты ұрлау фактiлерiн анықтау шаралары қолға алынды”, – деді адвокат Әсемгүл Даниялова.
Оның айтуынша, қазір Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2024 жылғы 26 сәуірдегі заңды күшіне енген үкімі бар. Онда Жүнісов Абай Қадырұлының туыстарының бірі Қайдар Өмірзақұлы Батырбековтің "Қазгерстрой" ЖШС-ға материалдық залал келтіргені туралы кінәсі анықталды.
“Қайрат Сатыбалды құрылтайшы ретінде компаниялардың қызметіне араласуға және басқаруды өз қолына алуға мәжбүр болды. Осы кезде барлық компания банкротқа ұшырап, Сатыбалды тіпті компанияларды сауықтыру үшін банктен несие алуға өзінің барлық жеке меншігіндегі және туыстарының мүлкін кепілге қоюға мәжбүр болды. Қылмыстық іс бойынша жәбірленушілер қайтарған барлық мүлік біздің клиенттің жеке меншігіне айналдырылған жоқ. Керісінше компанияның қарызын жабу үшін қайтарылған, бұл қылмыстық істің барлық материалымен расталған”, – деді адвокат.
Сонымен қатар Әсемгүл Даниялова жәбірленуші тұтқында және үйқамақта болған кезде оның өзі де, туыстары да құқық қорғау органдарына бір де бір рет жүгінбегенін еске салды.
“165 күн бойы үнемі оның жүргізушісі, үй қызметкері, бағбан және бұрынғы әйелі қасында болды, оның байланыс құралдары болды. Бірақ соған қарамастан ол екі жылдан кейін, 2021 жылы ғана заңсыз түрмеге қамалғаны туралы арыз берді. Дәлелдемелерді сараптасақ, Сатыбалды мен оның жездесінің арасында серіктестіктердің озбырлығы емес, тұрмыстық кикілжің бар. Сондықтан Қайрат Сатыбалды өзін қорғауға және сотта өз ұстанымын қорғауға ниетті”, – деді адвокат.
Еске салайық, осы істе жәбірленуші Абай Жүнісов сотта сөйлеген сөзінде керісінше ақпарат айтқан еді. Сонымен қатар ол өзінің өкінетінін айтты. Сол сәтте қорқып, ештеңе істей алмағанын, бұл адамдардың ешқайсысына қарсы тұра алмайтынын ойлаған.
“Заңгер Дінмұхамед Жұмаділда өзінің не істеп жатқанын, жалпы не болғанын түсінді. Ол заңгер ретінде заңсыз әрекет жасап жатқанын білді. Бірақ Сатыбалданың тапсырмасын орындады. Гүлмира Сатыбалды өзін өте тәкаппар және сенімді ұстады. Ол өз іс-әрекеті үшін жазасыз қалатынын түсінді, тәкаппарлық танытты, мысқылдаған сыңай жасады. Осылайша ол артында Қайрат Сатыбалды тұрғанын көрсетті, соған сенімді болды. Ол айналасындағыларға олар қандай жағдайға тап болуы мүмкін екенін көрсетті", – деді ол.
- Айта кетейік, Гүлмира Сатыбалдыға қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу), 194-баптың 4-бөлігінің 2-тармағы (зорлық-зомбылық қолдану қаупімен аса ірі мөлшерде бопсалау) бойынша айып тағылып отыр.
- Онымен бірге Мәди Батыршаев Қылмыстық кодекстің 126-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы (заңсыз бас бостандығынан айыру, ауыр зардаптарға әкеп соқтырған алдын ала сөз байласу) айыпталып отыр.