Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұрат Бектанов қаңтар оқиғасы кезінде халыққа қарсы оқ атқысы келмеген" – Жасарал Қуанышәлин

Белгілі оппозиция өкілі, саясаткер Жасарал Қуанышәлин қаңтар оқиғасы кезінде өзінің де алаң болғанын және шеру кезінде тек бейбіт халықты көргенін айтты. Саясаткер сонымен қатар сол уақытта қорғаныс министрі болған Мұрат Бектановтың халыққа қарсы оқ атуға қарсы шыққан болуы мүмкін екенін жеткізді. Сөзінше, осыдан кейін министрді орнынан алып тастаған. Бұл жөнінде Қуанышәлин 6 тамыз күні Алматыда өткен Жаңаөзен оқиғасына арнап жазған кітабының тұсаукесерінде айтты , деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мурат Бектанов коллаж

Алаңға шыққандардың барлығы бейбіт шерушілер екенін айтқан Қуанышәлин басқа жерлерде қиратулар мен өртеулердің бір уақытта орын алғанын жеткізді.

“Алаңда митингінің штабын басқардым. Сол кезде алаңда бейбіт халықтың тұрғанын өз көзіммен көрдім. Біз тіпті бүлдірулер мен қиратуларға қарсы тұру үшін, еріктілер жасағын да құрдық. Алайда осы уақытта Тоқаев бүкіл Қазақстан бойынша интернет желісін өшіріп тастады. Соған қарамастан өзі теледидар арқылы сөйлеп, алаңда тұрған барлық халықты қиратушылар, басбұзарлар етіп көрсетті”, –  деді саясаткер.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ҰҚШҰ әскерлері Қазақстан аумағында бірде-бір оқ атпағанын айтқанына қарамастан, Қуанышәлин алаңда адамдарды атқан тек Қазақстан әскері ғана емес деген пікірде.



ҚР парламентінің экс-депутаты сондай-ақ ҰҚШҰ әскерлерінің Қазақстанға келуі алдын ала келісілгенін атап өтті.

“Жалпы мұндай мәселелер бір күнде шешіле салмайды. Ал ҰҚШҰ әскерлерінің тез арада жиналып, келе қалуы бұл келісімнің алдын ала дайындалғанын көрсетеді”, - деді Жасарал Қуанышәлин.

Еске салайық, 21 ақпан күні Бас прокуратура ҚР бұрынғы қорғаныс министрі Мұрат Бектановтың ұсталғанын растады. Бектановқа қатысты Қылмыстық кодекстің 452-бабы ("Биліктің әрекетсіздігі"), әрекетсіздік фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.

Бас прокуратураның кейін таратқан мәліметінше, 2022 жылдың 19 ақпанынан бастап аталған адамға қатысты Бас прокуратура сотқа дейінгі тергеу жүргізіп келеді, күдіктінің іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 451-бабының 3-бөлігі (билікті асыра пайдалану) бойынша қарастырылуда.



Осы бапқа сәйкес әскери жағдайда билікті асыра пайдаланғаны үшін мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырылып, 7 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс министрінің командирлік қабілет көрсете алмағанын сынға алған болатын. 

"Қаңтар оқиғасы кезінде Қарулы Күштер өзіне сенімсіз әрі қабілетсіз басшылығының кесірінен жүктелген міндеттерді тиісті деңгейде атқара алмады. Министр Бектанов командирлік қабілетін көрсете алмады. Командалық-штабтық және әскери жаттығулар кезінде оң нәтиже көрсеткен армиямыз бола тұра, сын сағатта оның әлеуетін пайдалана алмадық. Сырттан көмек шақыруға мәжбүр болдық", – деді Президент.

Бектановтың орнына 19 қаңтарда қорғаныс министрі қызметіне Руслан Жақсылықов тағайындалды.

Талқылау