Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұнда ешкімді аямайды деді": Қаңтарда азапталған қырғызстандық музыкант тергеу изоляторында ҰҚШҰ әскерилерін көргенін айтты

Қазақстанда Қаңтар оқиғалары кезінде ұсталып, тергеу изоляторында соққыға жығылған Викрам Рузахунов Алматыға келді. Өзіне қарсы қылмыс жасалғанын дәлелдей алмай жүрген қырғызстандық музыкант уақытша ұстау изоляторында ҰҚШҰ әскерилерін көргенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Викрам

Бүгін 12 желтоқсанда Алматыда Халықаралық құқықтық бастама қоғамдық қоры 2022 жылғы қаңтар оқиғасына байланысты – өмір сүру құқығын құрметтеу тақырыбына арналған брифинг өткізіп жатыр. Екі жыл бойы Қантарға қатысты қылмыстық істерді зерттеген қор бүгін алдын ала тұжырымдар мен ұсыныстарымен бөлісті. Бұл туралы журналист Данияр Молдабеков жазды.

Брифингке арнайы келген Викрам Рузахунов Қаңтар кезінде қазақстандық қауіпсіздік күштерінен бөлек ҰҚШҰ (Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы) әскерилерін көргенін жеткізді. Ол бұған қалай көз жеткізгенін былай түсіндіреді.

“...ҰҚШҰ деп ойлаймын. Өйткені мені тергеу алып бара жатқанда, дәлізде тұрғандардың қайсысы қаласа сол сені ұрады. Мені осылай ұрған кезде, мені ертіп бара жатқан түрі славян тектес адам “айтып тұрмын ғой, бұған тиіспеңдер” – деді. Сол кезде қазақ әскери оған “бұл қалыпты жағдай, мұнда ешкімді аямайды” – деп жауап берді. Осы сөзден кейін мен славян тектес адамның жергілікті қауіпсіздік күштері емес, Ресейден келгенін түсіндім”, – дейді Рузахунов.

Ол өзіне қатысты істің екі жылдан бері сотқа жетпей, тергеліп жатқанына наразылығын да білдірген.

Еске салайық, 9 қаңтар күні Қазақстанның мемлекеттік телеарнасы 2 қаңтарда Алматыға билет сатып алғанын және митингілерге қатысқаны үшін Қырғызстаннан 90 мың теңге алуға келгенін айтқан, әбден соққыға жығылған азаматты көрсетті. Алайда бұл азаматты көпшілік бірден танып, оның қырғыз музыканты Викрам Рузахунов екені белгілі болды. Халық арасындағы резонанстан кейін Рузахуновты дереу отанына қайтарған. Ал 10 ақпанда музыкант өзін қазақстандық күш құрылымдары азаптағанын, өлімнен әзер аман қалғанын айтқан.



14 ақпанда Қазақстанда Рузахуновты азаптау фактісі бойынша қылмыстық істің қозғалғаны белгілі болды. 17 ақпанда Қырғызстан прокуратурасы да Рузахуновты азаптау фактісі бойынша іс қозғаған болып шықты.

2023 жылдың 20 наурызында музыкант Астана қаласының Алматы аудандық сотына ҚР ІІМ-нің видеода таратылған ақпаратты шындыққа жанаспайды деп тану, ақпаратты теріске шығару туралы талап арызбен жүгінген. 

Арызда ішкі істер министрлігі бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Рузахуновтың 2022 жылғы қаңтар оқиғасы кезіндегі митингілерді жоспарлағаны және қатысқаны туралы негізсіз айыпталғаны көрсетілген.

Алайда Астана соты талапкердің видео "Қазақстан" телеарнасында ҚР Ішкі істер министрлігінің бастамасымен көрсетілді деген уәжін растамады.

"Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 19 мамырдағы шешімімен В.М. Рузахуновқа талап арызды қанағаттандырудан бас тартылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ", –делінген Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотының хабарламасында.

Талқылау