Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"109 мұғалім кезекке тұруға мәжбүр": Желіде Алматы облысында директор дәретхананы иемденіп алғаны туралы ақпарат тарады

Алматы облысы Талғар ауданы Төңкеріс ауылындағы мұғалімдер мектеп директорының қызметтік әжетхананы иемденіп алғанын айтып, шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Видеодан скриншот

Журналист Сандуғаш Дүйсенова мұны өз парақшасында жариялады. Айтуынша, мектептегі 100-ден аса мұғалім бір дәретхананы қолдануға мәжбүр. Өйткені біреуін директоры иемденіп, өзі ғана бара алатындай етіп алған. 

"Талғар ауданы Төңкеріс ауылындағы мектепте директордың жеке дәретханасы бар. Ол дәретхананы құлыптап, кілтін алып алған. Мектеп директоры дәретхананы жалғыз пайдаланады, қалған 109 мұғалім кезекте тұруға мәжбүр", — деп жазды журналист.

Талғар аудандық білім бөлімі ақпаратты жоққа шығарып, мектеп ғимаратында 10 дәретхана бар деп мәлімдеді.

"Әр қабатта мұғалімдер мен оқушыларға арналған дәретханалар бар. Дәретханалар таза, күніне бірнеше рет дезинфекцияланады. Бірінші қабатта 5 дәретхана бар. 2 қызметтік дәретхана, 1 дәретхана ерекше қажеттігі бар жандарға арналған, 1 дәретхана қыздарға, 1 дәретхана ұлдарға арналған. Қолданыстағы дәретханалардың бірі 2020 жылдан бері ұзақ уақыт бойы құлыптаулы, кілті қабылдау бөлмесінде ілулі тұрған. Қазір дәретхананың есігі ашық, мектептің барлық қызметкері қолданып жатыр. Мектепте дәретхана саны жеткілікті, кезекке тұру болмаған", – делінген хабарламада.

Оқу-ағарту министрлігі де жағдайға назар аударды.

“Мектептердегі кез келген жағдай туралы ақпарат жедел келіп түседі. Сапаны қамтамасыз ету бөлімдері білім беру мекемелерінің дұрыс жұмыс істеуін қадағалайды. Төңкерістегідей жағдай басқа аймақтарда тіркелмеген. Бұл мәселе білім басқармасының қатаң бақылауында. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тексеру аяқталғаннан кейін нақты шаралар қабылдаймыз", – деді министр.

Талқылау