Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бұл кезде үйленбеген жөн": Мүшел жаста неге тойлауға болмайды және не нәрсеге тыйым салынған?

Қазақ халқында мүшел жас ерекше аталып өтетін жас. Жалпы бұл жаста не істеу керек, не істемеу керек? Бұл жастар неге ерекше саналады? Мүшел жасқа толғанда жасын жасырып жүру керек деген сенім бар. Не үшін? Барлық сауалдарға жауапты этнограф-ғалым Болат Бопай Stan.kz тілшісіне айтып береді. 

мүшел жас

Бәріміз білетіндей қамыс буын-буыннан тұрады. Жел соққанда қамыс сол буынынан сынады. Дәл сол сияқты мүшел жас адам өмірінің буыны есептеледі. Қатерлі жас дейтіні сондықтан. Мүшел жас жұп сан болмайды.

Бірінші мүшел 13 жас;

Екінші мүшел 25 жас;

Үшінші мүшел 37 жас;

Төртінші мүшел 49 жас;

Бесінші мүшел 61 жас;

Алтыншы мүшел 73 жас;

Жетінші мүшел 85 жас;

Сегізінші мүшел 97 жас;

Тоғызыншы мүшел 109 жас.

Бірінші мүшел жасқа келгенде қазақтар "он үште - отау иесі" дейді. Осы жаста гормоналды өзгерістер болып, физикалық тұрғыдан пісіп жетіле бастайды. Бір үйге ие болатын, мал бағар жасқа келді деп жігіттерге баға берсе, қыз балалар ожау ұстар жасқа келді, қазан қайнатар жасқа ие болды дейді екен. Ол кезде ақыл-ой жағынан толық жетілмесе де, кейбір балалар өз жасынан жетік туылатын кездері болады. Сoндықтан мүшел жас кезінде баланың жақсы киімін таратып немесе бір малды құрбан шалып, ырым етіп, садақа береді. Өйткені сол кезде желік пайда болады. Қазақта мүшел жастың желігі деген бар. Жел соққан секілді мінезінде ұйытқу, қуану, ренжу, өзін-өзі ұстай алмайтын, ауа-райы сияқты құбылмалы болады. Кейін ақырын орнына келеді. 

Одан кейінгі 25 жас деген керемет жас. "15 жас, 25 жас,  35 жас үшеуі-үш күн қонған қонақ екен" деген қазақтың қара өлеңінде бар емес пе? Сондықтан 25-ке келгенде қасқырдай болады. Қуғанына жетеді, ұстағанын үгітеді. Ақылы да толықсып, оң-солын ажыратып, жан-жағын бағамдай алатын, басқаларға да сөзі өтімді бола бастайтын кезі. Қарап отырсақ, баяғы өткен батырлар мен шешендердің, көсемдердің, ел бастаған ерлердің барлығы 15-25 жас аралығында атой салған. Қылыш ұстап, жауға шапқан, хандармен тізе қосып, тең болған кезі. Барлығы сол жастан басталады. 

Осы жасқа келіп, өмірдегі екінші буынына, иіліміне келгенде тағы да садақасын береді, киімін, жақсы көретін нәрселерін таратады, сақ сынады. Содан кейін мүшел жасын жасырып, не бір жасқа артық, не кем айтады. Өйткені, нағыз толықсып, айы оңынан туып тұрған шағында тіл-көз тиіп кетеді деп есептейді.

25 жасқа толғанда дүркіретіп тойламайды. Тек бір жыл өткізіп жіберіп, не бір жыл алдын тойласа құп. Одан кейін мүшел жасқа толған жылдағы малды бауыздамайды, қан шығармайды. Қан шығарса, қауіп-қатер болады деп ырымдаған және мал сойғызбаған. 


Тағы оқыңыз: Қазақстандық нумеролог 7 санының құдіреті туралы айтып берді


Мүшел жаста үйленуге болмайды. Сол жылды өткізіп жіберіп, не мүшел жастан бұрын үйленеді. Сол жылы үйленбеген дұрыс. Үйленсе, ажырасып кету, қатерге ұшырау, шаңырағы шайқалу деген сынды қауіп бар. Өйткені мінезіндегі алып-қашпалық, мүшел жастың желігі қате қадамдарға апаруы мүмкін. 

37 мен 49 жас та ең керемет жастар. Ел ағасы болып, басқаларға ақыл айтатын көрегенді жас. Тәжірибесі мол, піскен жас. Бұл кезеңде де садақа беруді ұмытпаған дұрыс.

61 жас - ата жас, пайғамбар жасы деп те жатады. Бұрындары 73, 85 жас қарттық жасқа жататын. Қазір ғылым, техниканың, мәдениеттің өркендеуімен орта жастағыдай жүретін болды.

Барлық мүшел жасты жиып келгенде сақ сынатын нәрселер: садақа береді, аңдарды бауыздамайды, жәндіктерді өлтірмейді, ең жақсы көрген затын сыйлап, үнемі садақа беріп отырады. Содан кейін басқаларға үнемі жақсылық істеп, тек жақсы ортада болып, желік қуып кетуден аулақ болуы керек. Мүшел жасында өте алыс сапарға шықпағаны дұрыс. Тіпті, қажет болса, жалғыз жүрмей, қасына жолсерік қосып, абай болғаны дұрыс. 

 

Сұхбаттасқан: Жанна Мәлік

Ескерту! Эксклюзив материалды көшіріп басу үшін редакцияның хат түріндегі рұқсаты қажет! Хат түріндегі рұқсат берілген жағдайда, эксклюзив материалды жарияланған уақытынан 24 сағаттан кейін ғана көшіруге рұқсат беріледі.

 

Талқылау