Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Мораторий аяқталады: Қазақстанда коммуналдық қызмет тарифтері маусым айында көтерілмек

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда наурыз айының соңында коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеруге мораторий аяқталса да, тарифтер маусым айынан ерте көтерілмейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің төрағасының орынбасары Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, қызмет көрсетушілерден өтініштерді қарастыруға уақыт қажет.

Қазақстанда 2026 жылдың I тоқсанының соңына дейін (қаңтардан наурызға дейін) барлық тұтынушылар тобы үшін коммуналдық қызметтер тарифін көтеру уақытша тоқтатылға еді. Мораторий кезеңінде монополистердің инвестициялық міндеттемелерін қаншалықты орындап жатқанын кешенді тексеру жоспарланған еді.

Комитеттегі дөңгелек үстел барысында Нұрлан Болатбаев саланың орташа тозуы 50%-дан асып кеткенін және оны инвестициялар мен негізгі капиталға салымдар арқылы шектемесе, жыл сайын 2–3%-ға артып жатқанын атап өтті. Бұл жағдай шығындарды, сондайа-ақ тарифтерді қайта қарауды қажет етеді. 

"1 сәуірге дейін мораторий бар. Бірақ бүгінге дейін ешқандай маңызды тарифтік өсімге қатысты өтініштер қолымызға түспегендіктен, нақты ештеңе айта алмаймыз. Жыл ішінде қажеттілік туындаған жағдайда, әрине, тарифтің қандай да бір өзгерісін күтуге болады", – деді Нұрлан Болатбаев.

Монополистер өтініштерді жыл бойы бере алады. Комитет өкілі алғашқы өтініштердің, сәуір айында түсуі мүмкін екенін айтты. Жаңа тариф енгізілгенге және бекітілгенге дейін бір ай бойы қоғамдық тыңдаулар өткізіледі.

Комитет өкілінің айтуынша, мораторий аяқталғаннан кейін шығындық әдістемеге сәйкес өтініштерді қарастыру 90 жұмыс күнін алуы мүмкін, ал жеңілдетілген тәртіпте – шамамен 40 күн. Осы мерзімнен бұрын тарифтер өспейді. Яғни кейбір өңірлерде, өтініштер жеделдетілген тәртіппен берілсе, өзгерістер маусым айында белгілі болады. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 26 Наурыз, 2026 19:08