Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Берлинде қазақстандық азамат Ресей пайдасына тыңшылық жасады деген күдікпен ұсталды

қазақстандық тыңшы ұсталды
Фото: euronews.com

Берлинде Қазақстан азаматы Сергей К. Ресейдің арнайы қызметіне тыңшылық жасады деген күдікпен қамауға алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews.com басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Германияның Федералдық прокуратурасының мәліметінше, күдікті кемінде 2025 жылдың мамыр айынан бері Ресейдің барлау қызметімен тұрақты байланыста болған. Ол Германия аумағында жүріп, құпия ақпараттарды беріп отырған деген болжам бар.

Тергеу деректеріне сәйкес, Сергей К. Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі, сондай-ақ елдің қорғаныс өнеркәсібі туралы мәліметтерді жеткізген. Атап айтқанда, дрондар мен роботтар әзірлейтін компаниялар туралы ақпаратпен бөліскені айтылып отыр.

Сонымен қатар ол Берлиндегі қоғамдық ғимараттар мен автобандардағы әскери колонналарды суретке түсіріп, оларды жіберіп отырған. Оның ішінде

Германия аумағы арқылы өткен НАТО елдерінің әскери техникалары да болғаны хабарланды.

Прокуратура күдіктіні Германиядағы ықтимал диверсиялық нысандарды анықтаумен және осындай әрекеттерге басқа адамдарды тартуға тырысумен де айыптап отыр.

Қазір Сергей К. тергеу судьясының алдына жеткізіліп, оны қамауда ұстау мәселесі қаралып жатыр.

"Күдікті кемінде 2025 жылдың мамыр айынан бері Германия аумағында жүріп, Ресейдің барлау қызметімен тұрақты байланыста болған. Ол Германияның Украинаға көрсетіп жатқан әскери көмегі және қорғаныс өнеркәсібі туралы мәліметтерді, сондай-ақ дрондар мен роботтар әзірлейтін компанияларға қатысты ақпаратты беріп отырған", – деп хабарлады Германияның Федералдық прокуратурасы.

Бұдан бөлек, редакция істің мән-жайын толығырақ білу үшін Қазақстанның сыртқы істер министрлігінен ресми түсініктеме күтіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін Санкт-Петербургте Қазақстан азаматы Артур Мартынов тыңшылық, диверсия және лаңкестікке жәрдемдесу айыптары бойынша 16 жылға сотталғаны хабарланған еді. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол 2023 жылы мессенджер арқылы нұсқау алып, диверсиялық дайындықтан өткен және ақша үшін Санкт-Петербургтегі мұнай өңдеу зауытының координаттарын берген. Сонымен қатар байланыс мұнаралары мен электр нысандарын өртеуге қатысы бар деп айыпталған.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 15:24