Министрлік 4 университеттің Қонаевқа көшірілуіне қатысты тың мәліметтер ұсынды
Қонаев қаласына көшірілетін 4 жоғарғы оқу орны жайлы жаңа деректер белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скриншот
Ғылым және жоғарғы білім министрлігінің мәліметінше барлық 4 университет те Алматы қаласынан көшіріледі.
"Еліміздің барлық жоғарғы оқу орындарына Қонаевқа көшу туралы ұсыныс жолдадық. Алдын ала мәлімет бойынша тек төрт оқу орны келісім берді. Қазір жұмыстар жүріп жатыр. Мәліметтер белгілі бола салысымен алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Әзірге бұл оқу орындарының атын ата алмаймыз", – деді ведомствоның баспасөз қызметінің өкілдері.
Алдағы уақытта ұсынысқа жауап берсе, Қонаевқа көшірілетін оқу орындарының саны өсуі мүмкін.
"Бұл жерде сұрақтар өте күрделі екені түсінікті шығар: тиісті жер телімін табу, инфрақұрылымын жүргізу керек және т.б. Сондықтан оқу орындары әлі оң жауаптарын бермеді", – деп түсіндірді министрлік өкілдері.