Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миллионмен декретке" шығу расымен тиімді ме? Маман кеңесі

Қазір әлеуметтік желіде "миллионмен декретке" шығуды үйрететін түрлі марафондардан көз сүрінеді. Бәрі ақша табуды үйретеді, миллион табысқа жеткізеді. Ал соңғы тренд - декретке миллион теңгемен шығаруға көмектеседі. Бірақ мұндай онлайн сабақтардың көздегені мүлдем басқа дейді қаржыгер мамандар. Олар керісінше жүкті қыз-келіншектердің өздерін тақырға отырғызады екен. Бұл туралы  Stan.kz ақпарат агенттігі "Еуразия бірінші" арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Қазір инстаграмды ашып қалсаңыз болды, онлайн сабақтың сан түрін көресіз. Солардың ішінде ерекше көзге түсетіні - "декретке миллионмен" атты онлайн марафон. Бұл сабаққа қатысып, ақшасын төлеу жеткілікті. Қомақты қаражатпен декретке шығуға үйретеді әрі көмектеседі. Алайда, есеп-қисапқа жүйрік мамандар әйелдер бұдан сақ болмаса, опық жеп қалуы әден мүмкін дейді.

"Декретке миллионмен атышулы марафондарға қатысар кезде біліңіз, сізде міндетті түрде табысты кәсіп болу керек. Яғни, сізде ешқандай табыс жоқ, табысыңыз өте аз түсіп жатқан шотқа 300 мың көрсетіп, одан 295 аударым жасап отыру, нағыз алаяқтық! Сіз құжат өткізгенде бәрі тексеріледі", - деді бухгалтер Гүлнұр Нұрланқызы.

Гүлнұр да интернет арқылы қыз-келіншектерге бағыт-бағдар беретін онлайн марафондарды жиі өткізеді. Оның айтуынша, көп жағдайда алаяқтарға аңқау жүкті келіншектер тап болады екен. Себебі, оларға сенген арулар соңғы тапқандарын еш ойланбастан аудара салады.

"Сіз маған ақшаңызды берсеңіз, мен сізге төлем жасап алып беремін дегендер жүр. Маған бухгалтер болғаннан кейін, маған осылай ақшамды ала алмай жүрмін дейтіндер келеді. Құжат өткіздім, бермей жатыр деп. Неге? Себебі, басқа адамдарға берген, төлеп отырмын деп төлем жасаған, әлеуметтік сақтандыру қорына жасаған, ал табыс салығын төлемеген. Ол қыздар алданып қалып отыр", - дейді Гүлнұр Нұрланқызы.

Қаржыгер Эрита Әбдібаеваның пікірінше, декретке миллионмен шығу үшін арнайы онлайн сабақтарға барудың еш қажеті жоқ. Ең дұрысы, тапқан табысыңды қарапайым есеп-қисапқа салып, ой елегінен өткізу керек.

"Ол қарапайым математика деймін. Ақпарат деген толып тұр іздеген адамға. Ол жерде ешқандай тегін ақша жоқ! Ай сайын ақша салып отыру керек, 250 мыңнан 1 млн алғыңыз келсе. Ал ақша салмаймын, миллион теңге аламын деген маркетингтік әдіс деп ойлаймын. Отырып-отырып миллион теңге алатын ешқандай амал жоқ! Зейнетақы жарнасын төлеп, салығын төлеп қана миллион теңге алады", - деді қаржыгер Эрита Әбдібаева.

Қысқасы, тегін миллионды ешкім бермейді. Ал дәл осы сомманы алу үшін соңғы 12 айдағы айлық табыс 280 мыңнан кем болмауы керек.

"Сондықтан жұмыс істемеген қыз-келіншектер "декретте миллион теңгемен шығарамын" деп уәдені үйіп-төккен алаяқтардан сақ болғаны жөн", - дейді сарапшылар.

Талқылау