Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Миы шайқалып, жарақат алды": Алматыдағы "Мегада" баланың үстіне ойыншық мүсін құлап кеткен

Алматыдағы ойын-сауық орталықтарының бірінде баланың үстіне мүсін құлап кетті. Бұл туралы әлеуметтік желіде Бақытжан Базарбек есімді қолданушы жазба жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Қолданушы мүсін дұрыс бекітілмегендіктен, баланың үстіне құлап кеткенін айтады. 

"Бүгін Алматыдағы Mega ойын-сауық орталығында досымның ұлының үстіне үлкен ойыншық мүсіні құлап кетті. Үлкен мүсін бар болғаны скотчқа жабыстырылған. Баланың миы шайқалып, жарақат алды. Сонымен қатар жүктілігіне тоғыз ай болған баланың анасы есеңгіріп қалды. Біз сотқа жүгінетін боламыз", - деп жазды ол. 

Оқиғаға қатысты Mega ойын-сауық орталығының баспасөз қызметі түсініктеме білдірді.

"Marwin дүкенінде болған оқиға, әрине, өкінішті. MEGA біздің ойын-сауық орталығына келген әрбір келушінің қауіпсіздігі үшін жауапты екенін түсінеді. 

Біз өз тарапымыздан ойын-сауық орталығында орналасқан, оның ішінде Мarwin дүкеніндегі барлық конструкция мен заттардың берік орнығуын қайта тексереміз", - делінген хабарламада. 

Marwin дүкендер желісінің бас директоры Вадим Голенконың айтуынша, зардап шеккен балаға барлық көмек көрсетіліп жатыр.

"Оқиға бүгін Marwin дүкенінде болды. Зардап шеккен балаға ойын-сауық орталығының кезекші дәрігері дереу алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақырды.

Біздің техникалық қызметкерлер ойыншық-мүсінді алып, оның құлау себебін анықтап жатыр. Бұған қоса біздің дүкендегі осыған ұқсас барлық фигуралар алынып тасталды. 

Баланың ата-анасымен тұрақты байланыстамыз және денсаулығы қалыпқа келгенше барлық көмек қолын созуға әзірміз. Қазір бала үйінде", - дейді дүкен өкілі.

Дана Русланқызы
Дүйсенбі, 26 Сәуір, 2021 09:38
Талқылау