«Мейрамхана мен дәмхананы дұрыс таңдаңыз»: Бас санитар дәрігер Қазақстанда тамақтан уланғандар саны үш есе өскенін мәлімдеді
Қазақстанда жыл басынан бері 363 адам жаппай тамақтан уланған, оның 140-ы – балалар. Денсаулық сақтау вице-министрі, бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова қазақстандықтарға тамақтан уланбас үшін мейрамхана мен дәмхананы дұрыс таңдауға кеңес берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
фото: Орталық коммуникациялар қызметі
Бас санитар дәрігер тамақтан улану дерегі жиілеп кеткенін атап өтті. Оның айутынша, соңғы кездері халықты әртүрлі дәмханалар, мейрамханалар, фаст-фуд өнімдері мен білім беру объектілері, балабақшалар мен мектептердегі асханаларда тамақтан улану дерегінің көбеюі алаңдап отыр.
“Соңғы 3 жылда тамақтан уланудың саны 3 есе өсті. Биыл 7 айда жаппай тамақтан уланудың 17 дерегі тіркелді. 11 жағдайда уланудың себебі қоғамдық тамақтану объектілерімен, 3 жағдайда балалар ұйымдарымен, ал 3 дерек фаст-фуд жеткізу пунктімен байланысты болды", - деді Айжан Есмағамбетова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихатында.
Бас санитар дәрігердің айтуынша тамақтан уланғандардың 70%-да диагноз зертханалық деңгейде расталған. Тіркелген фактілер бойынша тергеп-тексеру, ал ошақтарда зертханалық зерттеу жүргізілген.
Қоғамдық тамақтану объектілерінде жүйелі заңбұзушылақтардың негізгі себебі төмендегідей:
• Объектілерде персонал арасында ішек инфекциясы қоздырғышының анықталуы;
• Объектіге санитариялық-эпидемиологиялық қорытындының және өндірістік бақылаудың болмауы;
• Өнімді дайындау, сақтау және өткізу шарттарын, тамақ дайындаудың технологиялық процесін бұзу, мерзімі өткен және тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін растайтын құжатсыз өнімді пайдалану.
Жаппай тамақтан уланудың барлық фактісі бойынша тергеп-тексеру жүргізілген. Материалдар қылмыс құраманың бар-жоғын анықтау үшін ішкі істер органдарына берілгенін мәлімдеді бас санитар дәрігер.
Вице-министр тамақтан уланбас үшін келесідей қарапайым кеңес берді:
• Мейрамханалар мен дәмханаларды мұқият таңдаңыз, тек жақсы деген жерге бару;
• Рецептурасы термиялық өңдеуді, әсіресе теңіз өнімдерін көздемейтін тағамдарға тапсырыс беруден және тұтынудан аулақ болу;
• Үйде тамақ өнімдерін дайындау шарттарын, температуралық режимді және сақтау мерзімдерін сақтау.