Метан жиналуы, электр жабдықтарының ұшқыны: "Жомарт" кенішіндегі апаттың себебі анықталды
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен комиссияда "Қазақмыс корпорациясының" "Жомарт" кенішіндегі апатты тергеудің алдын ала қорытындылары қаралды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кеншілердің өлімі бойынша тергеу жүргізіп, комиссия өткізуді тапсырған еді.
Тергеу аясында 8 кіші комиссия құрылып, ғылыми-зерттеу институттары мен зертханаларының сарапшылары мен мамандары да тартылды.
Тергеу барысын төтенше жағдайлар, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері баяндады. Олар оқиғаны көзімен көрген куәгерлер арасында сауалнама жүргізді, өндіріс технологиясын зерттеп, техникалық құрылғылар мен жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын тексерді, тиісті сараптамалар жүргізілді.
“Комиссия тау-кен қазбасынан метанның жиналуы мен бөлінуі, содан кейін электр жабдықтарының ұшқынынан жарылыс болуы сияқты апаттың негізгі себебін анықтады. Сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік пен еңбекті қорғау бойынша айтарлықтай ереже бұзушылықтар анықталып, жауапты тұлғалар тобы белгілі болды”, – делінген хабарламада.
Жиында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен "Қазақмыс корпорациясы" басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриев апатта қаза тапқандардың отбасыларына әлеуметтік қолдау мен көмек көрсету және өтемақы төлеу бойынша атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады.
Қазіргі уақытта "Жомарт" кенішінің жұмысы тоқтатылды. Комиссия қауіпті өндірістік объектілерде осындай оқиғалардың алдын алу шараларын әзірледі.
Кеңес қорытындысы бойынша комиссия төрағасы Қанат Бозымбаев "Қазақмыс корпорациясы" ЖШС-ға заңбұзушылықтарды жою мен апаттардың алдын алу бойынша, оның ішінде кеніштегі қауіпсіздікті арттыру, ауадағы газ құрамын анықтаудың автоматтандырылған жүйелерін енгізу, бейнебақылау орнату және басқа да бірқатар тапсырма берді.
Тергеу әлі жалғасып жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Ұлытау облысында Жаңаарқа ауданында "Қазақмыс Корпорациясы" ЖШС-ның Жомарт кеніндегі үйінді астынан жеті қызметкердің де денесі табылды. Кейін қаза тапқан кеншілердің отбасыларына қандай көлемде жәрдемақы берілетіні белгілі болды.