"Менің дауысым Димаштан да ерекше": Өзінің сирек кездесетін вокалдық қабілетімен мақтанған түркістандық әнші жігіт кім?
Дауысы Димаш Құдайбергеннен де ерекше екенін айтқан өнерпаздың аты-жөні – Қаныш Кенжеәлі! Ол өткен жылы отандық бағдарламада ер адамдарда өте сирек кездесетін вокалдық қабілетін көрсетіп, төрт бірдей тәлімгерді таңғалдырып, ел назарына іліккен еді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Түркістандық жігіттің бет-пішінін, түр-келбетін көрмей дауысые естісеңіз, құдды бір әйел адам ән салып тұрғандай. Ол мұндай туабітті дауысын аты әлемге әйгілі Димаш Құдайбергеннен де ерекше деп бағалап отыр.
"Димаш Құдайберген біздің өнеріміздегі өзінің орнын нық қойған, қазіргі таңда тек Қазақстанда емес, шетелдерде де үздік әнші болып саналады. Әрине, ол кісінің орындау мәнері, дауысы өте ерекше. Сахнада өз-өзін ұстауы, өзін әнші ретінде жеткізуі Қазақстанда жүрген, тіпті шетелде жүрген әншілердің қолынан келмейді. Ол кісі туралы менің ойым өте жақсы. Бірақ менің дауысым ол кісіден де ерекше", – дейді Қаныш Кенжеәлі.
Музыка тілінде ер адамның мұндай ерекше дауысын "альтино" деп атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, жіңішке дауысқа ие еркек. Бір қызығы, Қаныш Кенжеәлі болмысындағы бұл ерекшелігін "бағым да, сорым да" дейді.
"Сорым" дегенім, менің жасөспірім кезімде, универсиетте оқып жүрген кезде өз дауысым үшін өзімді жек көрген сәттер болған еді. Ол неден пайда болды? Менің қоршаған ортам мен араласатын адамдарға дауысымды, болмысымды қабылдау қиын болатын. Сол себепті мен өзімді бөлек адам ретінде сезіндім. "Неге менде бұлай болды? Неге менің дауысым осындай?" деген сияқты өзімді жек көрген сәттер болды. Сол үшін мен дауысымды "сорым" деп айтқан болатынмын", – дейді әнші жігіт.
Қаныш – Түркістан облысының тумасы, 22 жаста екен. Сол өңірдегі университеттің "Өнер" факультетінде оқыған. Қазіргі таңда Астана қаласындағы "Астана мюзикл" театрында актер болып жұмыс істейді. Бір қызығы, бұл жігіттің мамандығы – дәстүрлі әнші. Бірақ ол осындай жіңішке дауыспен қазақтың қара домбырасын қолға алып, халық әндерін орындауды құп көрмеген.
"Шынымды айтсам, "Дәстүрлі әнші" мамандығын жақсы көріп оқыдым деп айта алмаймын. Өйткені маған қиын болды. Дәстүрлі әнді орындаудың өзіндік қиындықтары бар, кең диапазонды әндер бар, керемет бір техникалар керек. Әсіресе біздің қазақтың әртүрлі дәстүрлі мектептері бар. Соған сай әндерді орындау керек болды. Сол үшін маған дәстүрлі әнді орындау біршама қиынға түсті десем болады. Бірақ сол мамандықты оқып бітірдім. Болашақта маған кейбір жерлерде көмегі тиер деп ойлаймын", – дейді өнерпаз.
Ерекше дауысты Қаныш бала кезде буллингке ұшыраған. Яғни оны қатарластары мен құрдастары мазақ қылып, келеке етіп, әбден мазасын алған көрінеді. Сондай-ақ қазір ғаламтордың дамыған заманында Қаныш Кенжеәлінің ән орындаған видеосы мен сұхбаттарын көрген жұрт бірден жатырқай қарап, жағымсыз пікірлерін қарша боратады екен.
"Буллинг менің өткен шағымда соншалықты көп болған. Негізі менің дауысымды түсінбейтін, күліп жататын, мазақ ететін ондай адамдар әлі күнге дейін бар. Буллинг адамның психикасына, оның өз-өзін бағалауына кері әсерін көп тигізеді. Солай адамдар менің дауысымды қабылдамағандықтан, мен де өзімді қабылдай алмайтынды шығардым. Көп жерлерде сөйлемеймін, ұяламын, қысыламын. Өзім қалай бармын, өзімді солай көрсетуге ұялатынмын. Буллинг көрген адам өзін қоғамнан бөлек адам ретінде сезіне бастайды. Әлеуметтік желіде өкінішке орай жағымсыз пікірлер бар, қазір көшеде де мені адамдар көбінесе дұрыс қабылдай алмайды. Мысалы, ер жігіт жіңішке дауыспен сөйлеп тұрса, әрбір адамда табиғи реакция болады. Дүкендерде, сауда орталықтарында жүрген кезде бір затты сатып алатын болсам, кассада тұрған кісілер, сол жерде жұмыс істейтін адамдар таңғалады, түсінбейді. Бұрын өзімді біртүрлі сенімсіз сезінетінмін, ал қазір мен оған үйрендім", – дейді Қаныш Кенжеәлі.
Қоғамның тарабынан дәл осындай жағымсыз реакциядан кейін Қаныштың да кейде жүйкесі сыр беріп, психологтың көмегіне жүгінгісі келеді. Оны өзі жасырмайды.
"Қазіргі таңда психологиялық проблемасы бар адамдар өте көп. Адамның бойындағы комплекстері, өзіне деген сенімсіздігі, өзін бөлек сезіну, қоғамнан жат адам сияқты сезінуі – осының барлығы негізі психологиялық проблемалар. Менің де ойымдағы, бойымдағы сенімсіздігім, шешілмеген психологиялық проблемаларым көп деп айтсам болады. Соларды мен шешкім келеді. Жеп-жеңіл сезініп, рахат өмірді қиындатқым келмейді. Сол үшін психологқа барғым келеді, жақсы психологпен жұмыс істегім келеді", – дейді түркістандық жігіт.
Айтпақшы, Қаныш – нағыз әмбебап өнерпаз. Ол тек ерекше дауыстағы әнші емес, асүйде тәтті тағамдарды да жақсы әзірлейді екен.
"Кондитерлік тағамдар әзірлеу – менің хоббиім. Күнделікті жұмыстан, күнделікті мәселелерден қатты басым қатып шаршаған кезде, үйде өзім жалғыз, тыныштықта кондитерлік тағамдар – торттар, бәліштер жасап, миымды тынықтырып демаламын", – дейді әнші.
Еске сала кетсек, мұндай ерекше вокалдық қабілет бұрында да қазақ жігіттерінің арасында болған. Мәселен, Атыраудың тумасы, опера әншісі Ерік Құрманғалиевтің де үні өте сирек кездесетін "контротенор" дауыс еді. Ол тіпті Гиннестің рекордтар кітабына әйел дауысты тұңғыш ер адам ретінде енді. Қазақ баласының шетелде бағы жанды, дүниежүзі халқы бағалады. Жіңішке дауысы үшін жұрттың сынына жиі ұшырайтын Қаныш Кенжеәлі де өзінің ерекше талантын басқа мемлекетке барып дәләлдеуді жоспарлап жүрсе керек...
"Шет елге кетсем бе деген ойлар келеді. Сол жақта оқысам ба, сол жақта жұмыс істесем бе деген. Бірақ барлығы өз уақытымен, өз сәтімен деп ойлаймын. Шетелге барып мен де бір қазақтың, қазақ өнерінің аты қалатын немесе бір кітапта аты жазылып қалатын өнерпаздардың, әншілердің бірі болып, сол жақта қазақтың атын шығарамын деген ой, ниет, арман бар. Сондықтан бәрі де мүмкін", – дейді ерекше дауыс иесі.
Қазақтың тағы бір талантты баласы шетелге кетіп қалса, таңғалмаңыз. Ер адамдардың арасында дауысы стандартқа сай келмейтін Қаныш Кенжеәлі есімді кейіпкеріміздің алдағы жоспары да ерекше.
"Өзімнің жеке авторлық әндерімді шығарып, осы өмірімде болып жатқан барлық жағдайды, барлық сәтсіздікті де, қуанышты да сол әндер арқылы халыққа жеткізіп, дәл осылай буллингке ұшырап жүрген, жолы болмай жүрген, рухани байлық жетпей жүрген адамдарды әніммен емдегім келеді. Сол кісілерге көңіл күй, сенім сыйлағым келеді", – деп сөзін түйіндеді Қаныш Кенжеәлі.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan kz YouTube арнасынан көріңіз.