"Мен сізді өмір бойы іздедім": Тараз тұрғыны өзін 55 жыл бұрын перзентханаға тастап кеткен анасымен кездесті (видео)
Өздері ғана білетін, айтылмаған әңгімесін жүрек түбінде сақтап келген тағдыр иелері бар. Көбі сырт сөзден сескеніп, ашылмаған сырын өзімен бірге алып кетеді. Сондай жандардың бірі сыр сандығын ашуға бел буды. Қызы мен анасы 55 жылдан соң табысты. 55 жастағы Бақытгүл ана өзін перзентханаға тастап кеткен анасын іздеп тапты.
Бұл туралы "Қымбат жандар" бағдарламасында айтылды.
Жарық дүние есігін ашқан періште сәби ана құшағынан ажырап, перзентханада қалды. Дегенмен ол бұл күнде өсіп-өнген әулеттің отанасы. Бірақ ес білгелі көкейінен кетпей жүрген арманы - анасын қалайда іздеп табу еді.
Бақытгүлдің балалық шағы алаңсыз ата-анасының қасында өтті. 1965 жылы Тараз перзентханасында дүниеге келген қыз баладан анасы бас тартқан. Бұған дейін бір перзентке зар болып жүрген Айманбетов Сейсенбай мен жұбайы Шәрбану бұл жағдайды естіп асырап алуға бел буған. Есейе келе бұл құпия желдей есіп, ел арасына тарап кетеді.
"Мен бұл оқиғаны 20 жасымда естідім. Кездейсоқ біліп қалдым. Үй жинап жүріп қолхат тауып алдым. Менің аты-жөнім, туған жылым жазылған екен. Менен бас тартатынын жазған. Сол кезде өзімді асырап алғанын түсіндім", - деді Бақытгүл.
Сан-сауал маза бермеген соң перзентхананың мұрағатынан деректер іздеуге кіріседі. Перзентхана мұрағаты өртеніп кеткен екен. Бізде ондай деректер қалмады деді. Тек анамның аты-жөні мен мекенжайы жазылыпты. Ол мекенжайдағы үйлер сүріліп кеткен екен. Содан таба алмадым", - деді Бақытгүл ана.
- Жезқазғандық әйел қарыздан құтылу үшін бөтен отбасыға 3 жасар қызын тастап, қайтып алуға келмеген
- "Қызым, мені кешірші": Алматы облысының тұрғыны 30 жыл көрмеген әкесін іздеп тапты
Бақытгүл ана бүгінде немере сүйіп, отбасы бақытына бөленіп отыр. Жасы 55-ке келсе де анасын іздейді.
"Сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім бар. Анамды білгім келеді. Көргім келеді", - дейді ол.
Бағдарлама Бақытгүл апайдың анасын іздеп тапты. Баласын перзентханаға тастаған ананың өз шындығы бар.
Шығыс Қазақстан облысынан Алматыға оқуға аттанған қаршадай қыздың бір-ақ күнде өмірі ойран болған. Бейуақытта бейтаныс азамат тұнығын лайлап, арын кірлетіпті. Оқуға кетті деп анасы, ағайын-туысы ауылында қалады. Ешқандай танысы жоқ жердегі бұл оқиға оңай болмапты. Ақыры амалсыздан сәбиін тастап кетуге мәжбүр болған.
"Ішімнен тілеу тілеп жүрдім. Қиналып жүрдім. Жақсы кісілерге тап болса екен дедім. Бұл тағдыр. Мен балама қиянат жасағым келген жоқ. Басқа ешнәрсе айта алмаймын. Егер мүмкіндік болса, өзімен танысып-сөйлессем дегем", - дейді анасы.
Көкірегінде қатқан шер, өкініш. Бүгінге дейін қызын бір сәтте есінен шығармапты. Өмір бойы іздеді. Үміт үзбеді. Түн ұйқысы төрт бөлінді.
Анасы да қызын іздеп, өзі босанған перзентханаға барған. Алайда мұрағатта ешқандай дерек бермеген. Жоғын таппаған соң "бір Аллаға тапсырдым" дейді.
"Өзімнің өмірім басталды. Ащысы бар, тұщысы бар. Оны ешкімнің басына бермесін", - деді әжей.
Бүгінде жасы 75-ке келген кейуананың 4 ұлы, 1 қызы бар. Екінші қызының да есімі Бақытгүл. Жолдасы дүние салған. Қызының өзін іздеп жүргенін білгенде көруге, бауырына басуға асықты.
"Мен кешірсе екен деймін. Кешіре ала ма екен. Кешірім сұраймын. Мені түсінсе екен деймін", - деді анасы.
Бақытгүл апай мен анасы 55 жылдан соң табысты. Бауырына басты. Кешірім сұрасты, кешірді.
"Мен сізге ешқандай өкпе артпаймын. Сізді кінәламаймын. Сіздің аман болғаныңыз, тірі жүргеніңіздің өзіне ризамын. Бұл тағдыр. Құдайдың жазғаны болады. Ешкімнің кінәсі жоқ. Сіздің 7 шөбереңіз бар. Менің апама ұқсайды екенсіз. Анаңды кінәлама деп айтып кеткен еді апам. Жүз жасаңыз. Денсаулық тілеймін. Бәрі жақсы болады. Шөберелеріңізді, немерелеріңізді көресіз", - деді Бақытгүл апай.