Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен олардың пікір білдіргеніне қарсымын": Ермахан Ибраимов митингке шыққан жастардың плакатын не үшін жыртып тастағанын түсіндірді

Танымал боксшы, олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимовтың басы дауға қалды. 10 қаңтар күні сайлауға наразылық танытқан белсенділердің қолындағы плакатын жыртып, олардың пікір білдіруіне қарсы екенін айтқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ибраимов

Әлеуметтік желіде Ермахан Ибраимовқа ұқсас ер адамның сайлауға наразылық танытқан жастарға қарсылық көрсетіп тұрған суреті таралған еді. Танымал спортшы 10 қаңтар күні митингке шыққан жастармен болған жанжалдың орын алғанын мойындады. Ол бұл туралы өзінің желідегі парақшасында жариялады. 

"Осы уақытқа дейін мен халқыммен бірге болдым және әлі де бірге болатынымды айтқым келеді. Митинг кезінде наразылық білдірген халыққа күш көрсету мақсатында емес, сабырға шақыру үшін барған болатынмын. Бірақ, қарсы топтардың белсенділері маған кері пікір білдіріп, менің жеке намысыма тиетін сөздер айтып жатқасын, жақындап барып, бәрін түсіндірмекші болдым. Сол тұста қарсы топтардың арандатушылары мені кадрға алып, түрлі бағытта ақпараттар таратып жіберген болатын.

Иә, әлеуметтік желілерде суретім мен видео тарап кетіп, маған кері пікірлер айтылуда. Оның бәрін сыни тұрғыда қабылдаймын. Алайда мен осы сайлауға қатысуымның себебі де қарапайым халық үшін екенін тағы да айтқым келеді. Себебі төбеме көтеріп, құрметтеген халыққа қарсы шығу менің ойымда да болмаған!", - дейді былғары қолғап шебері. 

Сөзінің соңында, митинг кезінде болған жағдайды қысқаша осылай түсіндіргісі келетінін айтты. Барлығы алда екенін еске салып, ел мүддесі үшін әлі де игілікті істерді атқаратынын жеткізді. 

Боксшы болған оқиға туралы отандық басылымдарға берген сұхбатында не үшін мұндай қадамға барғанын былай түсіндіреді. 

"Жанболат Мамай мен оның жақтастары"президент - кет! Нұр Отан - кет!"- деген осы тектес сөздермен плакат ұстап тұрды. Яғни, бұл адамдар біздің отыз жыл бойы құрған қоғамымызға және оның бірлігіне қол сұғуды ойлаған. Жанболат Мамай деген кім?! Ол отыз жастағы әлі өмірде ештеңеге қол жеткізе алмаған боқмұрын. Ал мен өз елім үшін күресіп, мемлекеттің даңқын асырып, түрлі жарыстарда Қазақстанның намысын қорғап, Олимпиада чемпионы атандым. Сондықтан мен кейбір адамдар осындай қорлайтын ұрандармен сөйлей бастағанда, жай қарап тұра алмаймын", - деп кесіп айтты ол. 

Сондай-ақ спортшы жастардың митингке шығуына заңды құқығы бар болса да, алаңға шығып наразылық танытуға қарсы екенін қадап айтты. 

Ермахан Ибраимовтың бұл сөздеріне ашуланған халық желіде түрлі сыни пікір жаудыруда. Солардың бірі саясаттанушы, журналист, баспагер ретінде көпшілікке танымал Бақытжан Бұқарбай былғары қолғап шеберін қатты сынап тастады. 

"Чемпион болса, алдымен өзі үшін чемпион шығар, Ермахан ағамыздың бұлай міндетсінуінің қажеті жоқ еді. Ел үшін қызмет етіп жүрген жалғыз Ермахан емес. Спортшы ретінде мықты шығар, бірақ азамат ретінде ұстанымын ашық айтуға рухы жеткен, Вьетнамда жазықсыз халыққа оқ атпаймын деп соғысқа барудан бас тартқан, сол үшін түрмеде отырып шыққан, әділетсіздікке наразылығын білдіру үшін Олимпиадада жеңіп алған алтын медалін көлге лақтырып жіберген, ең ұлы боксшы атанған Мұхаммед Әлидің тырнағына татымаған соң, қалған сөздің бәрі бос екен", - дейді ол желідегі парақшасында.

Баспагер батырдың бәрі аңғал келеді деп кешіріммен қарауға болмайтынын алға тартты. Кім болса да халықтан жоғары емес екенін ұмытпауы тиіс деп кесіп айтты. 

Еске салсақ, Алматыда парламенттік сайлау кезінде рұқсат етілмеген митингтер өтті. Кейіннен Ішкі істер министрлігі сайлау күні өткен митингтерге қатысты түсініктеме берді. 

Талқылау
Пікір
Усен
19 Ақп, 21 жыл - 12:59

Сіз кім едіңіз біреудің аузын жабатын м.мкін сол кісілердің үйіне барып бірге тұрарсыз, егер аузын жабатын болсаңыз. Есіңізде болсын көптің аузына қақпақ бола алмайсыз, әркімнің өз өмірі бар, өз ойы барғ өз жолы бар санаңыз жетсе осыны ескеріңіз, жоқ әлде сіз рэкетсіз ба ?