Мен ешкімді аса қатыгездікпен қасақана өлтірген жоқпын – Бишімбаев (видео)
Астанада өткен басты сот отырысында прокурорлар Қуандық Бишімбаевқа қатысты айыптау актісін оқыды. Бишімбаев өзінің кінәсін мойындамайтынын тағы да қайталады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сот отырысының барысында прокурордың айыптау қағазын оқуынан кейін судья Бишімбаевтан кінәсін “мойындайтынын не мойындамайтынын” сұрады. Айыпталушы өз сөзінде бұған дейін өзіне пікір білдіруге еш мүмкіндік берілмегенін атап өтті.
“Айтайын дегенім, мәртебелі сот, менің сотқа дейінгі тергеуде де, еш жерде де өз пікірімді айтуға мүмкіндігім болған жоқ. Прокурордың жаңа ғана оқып шыққанының бәрі негізінен ешқандай растауы немесе дәлелі жоқ ойдан шығарылған. Мен ешкімді аса қатыгездікпен қасақана өлтірген жоқпын”, – деді Бишімбаев.
Осыдан кейін судья екінші айыпталушы Бақытжан Байжановтан кінәсін “мойындайтынын немесе мойындамайтынын” сұрады. Ол өзінің қылмыс жасағанын “білмейтінін” айтты.
“Видеоны жоюды сұрағанымды мойындаймын. Сондай-ақ ол Салтанаттың телефонын үйіне апарып беруін өтіндім. Қылмыс жасадым ба білмеймін. Мен ол кезде Салтанаттың көз жұмғанын немесе өліп бара жатқанын білген жоқпын”, – дейді ол.
- "Барменді балағаттаған": Желіде Қуандық Бишімбаев түсірілген видео қызу талқыға түсуде (видео)
- Жоғарғы сот Бишімбаевтың сотында алқабилерді суретке түсіруге және жеке басын ашуға тыйым салды
Бұған дейін Әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты онлайн көрсетілетіні туралы хабарланған.
Айта кетейік, бұған дейін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды.
Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов - қылмысты жасырғаны және хабарламағаны үшін айыпталған.