Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен еліме қайтып бара жатырмын": Желіде видеосы тараған Серік Күдебаевтың ұлы әкесінің полицияға өзі берілгенін айтты

Желіде өзін Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың ұлы деп таныстырған азамат әкесінің құзырлы органдарға өзі берілгенін айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Арман Мырзакулов

Видеода сөйлеген азамат – Арман Мырзақұлов өзінің Күдебаевтың екінші ұлы екенін айтады.  

“Әкем түнде Асланбек деген кенже ініме қоңырау шалып: "Мен еліме қайтып бара жатырмын. Сендерді жақсы көремін, еліме ораламын" - деп айтыпты. Құқық қорғау органдары БАҚ-та өздері ұстағанын жазған”, – дейді ол.

Бұған дейін Күдебаевтың ұсталып, Ыстамбұлдан Қазақстанға арнайы ұшақпен жеткізілгені хабарланған болатын. Кейін бас прокурор Берік Асылов Күдебаевтың ұсталғанын ресми түрде растады.

Бұған дейін Жетісу облысы полициясының бұрынғы басшысы Серік Күдебаевтың елден қашып кеткені туралы хабарланған еді.



58 жастағы полиция генерал-майоры Серік Күдебаевқа қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деп айып тағылған. Тергеу мәліметтері бойынша, ол 2022 жылғы қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде Алматы облысының коменданты бола тұрып, полиция департаментінің ғимаратынан шығып кеткен. Тәртіпсіздікке қатысушылар ғимараттағы қару-жарақты қолды қылған.

Серік Күдебаев Алматы облысының полициясын 2020 жылдың қаңтарынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басқарды. Бұған дейін ол Алматыда алты жылдан астам осындай қызметте болған.

Бұған дейін Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Күдебаевқа халықаралық іздеу жарияланған еді. Кейіннен Күдебаевтың Солтүстік Кипрде қашып жүр деген ақпарат тараған. Бас прокурордың орынбасары Жандос Өмірәлиев Алматы облыстық Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың Қырғызстан арқылы Түркияға қашқанын айтқан. Бұл іс бойынша Қырғызстанда тергеу басталған. Бас прокуратура Түркия мен Қазақстан арасында келісімшарт бар екенін және сол бойынша жұмыс істеу басталғанын жеткізген.

Талқылау