Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мен де жаяу жүремін": Ерболат Досаев тұрғындардың қарды тазалау туралы өтінішіне ренішін айтты

Медеу ауданы тұрғындары коммуналдық қызметкерлер қарды ағаштың түбіне үйіп қоятынын және тротуарларда жүру мүмкін емес екенін айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: видео сриншоты

Медеу ауданының тұрғындарымен кездесуде алматылықтар қала әкімі Ерболат Досаевқа шағымданып, көшелерді қардан тазарту сапасына наразы болды. 

Өтініш білдірген қала тұрғынының айтуынша, бұған миллиардтаған қаражат бөлінгенімен, техниканың жетіспеушілігі байқалады.

"Маған бүкіл Медеу ауданы туралы айтқан кезде қатты ренжідім. Мен де сіздер секілді Медеу ауданында тұрамын. Тек орталық көшелерде жүрмеймін. Сөзіме сенсеңіздер, қала тұрғындары барлық көшемен жүріп өтетінімді біледі. Мен де жаяу жүргендіктен, қалада қандай өзгерістер болып жатқанын жақсы білемін. Аудан әкімі сіздерге "Алматы тазалық" және басқа кемшіліктер бойынша да жауап береді. Әйтпесе, сіздер "жазда да, қыста да солай" дейсіздер. Әкім ретінде жұмысымызның бұлай бағаланбай жатқанына ренжіп отырмын. Аудан әкіміне де ренжіп отыр деп санаймын", – деп жауап берді Ерболат Досаев.

Ал Медеу ауданының әкімі Еркебұлан Оразалин жергілікті маңызы бар көшелерде қар шығару жүзеге асырылмайтынын ескертті.

Аудан әкімінің айтуынша, технологияға сәйкес қыс мезгілінде арықтарға қар толып қалады.

"Қар шығару жұмыстары кезең-кезеңімен іске асырылып жатыр. Барлық қарды көшелерден тазалауға қаражат жеткіліксіз", – деді Еркебұлан Оразалин.

Кездесу барысында тұрғын үй саясаты басқармасы техниканың түнде жұмыс істейтінін, күндіз көлік кептелісін тудырмайтынын атап өтті.

"Былтыр біз 101 бірлік техниканы, соның ішінде шағын механикаландыру құралдарын сатып алдық. 17 бірлік электр қуатымен жұмыс істейді. Аудандарға техникалар берілді. Көбі орталық ауданға тиесілі", – деді басқарма басшысы Данияр Қырықбаев.

Әкімнің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров енді мердігерлермен үш жылға шарт жасасатынын атап өтті. 



Орынбасардың сөзінше, олар барлық регламентті өзгерткен және техникамен жабдықтау бөлігіндегі талаптарды арттырған.

"Жұмыс сапасы мәселелері әлі де сақталып жатыр. Біз осы жылы конкурс жариялап, мердігерлеріміздің жұмысының өлшемдерін өзгерттік. Бұған дейін 70%-дан аса бөлігін "Алматы тазалық" тазалаған. Бірақ биыл біз компаниялардың техникалық жарақтандыруға байланысты тиісті талаптарды атқаруын талап еттік. Бұл шешімдер қабылданды. Енді біздің басты назарымыз аудандық маңызы бар аулалар мен жолдар болып отыр", – деп қорытындылады Ерболат Досаев.

Еске салайық, бүгін әкім Ерболат Досаев Медеу ауданының тұрғындарымен кездесу барысында биыл Алматыда, Мұзтау, Каменск үстірті, Асқарау, Кіші станица, Атырау және Сұлусай шағын аудандарында 145,7 шақырым тарату желілерінің құрылысы басталып, 2025 жылы аяқталатынын хабарлады. Сонымен қатар ауыз су мәселесі шешілетінін жеткізді.

Талқылау