Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Мемлекеттік кірістер комитеті салық берешегі бар 10 компанияны атады

Фото: Іstockphoto.com

Мемлекеттік кірістер комитеті салық бойынша 150 айлық есептік көрсеткіштен (589 800 теңге) асатын берешегі бар, яғни берешегі туындаған күннен бастап төрт ай ішінде төленбеген компаниялардың тізімін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мәліметтерге сенсек, 15 мыңнан астам компанияның аты аталды. Олардың жалпы берешегі – 758,7 миллиард теңге. Осы соманың 60%-ға жуығы, яғни 448,3 миллиард теңгесі алғашқы он компанияға тиесілі. Олар:

  1. Ai-To Progress – 104,1 миллиард теңге (Алматы, 2007 жылы тіркелген, көтерме саудамен айналысады);
  2. TEX ALLIANCE – 94,1 миллиард теңге (Алматы облысы, 2013 жылы тіркелген, көтерме сауда);
  3. Alpha-bet – 88,1 миллиард теңге (Алматы, 2015 жылы тіркелген, құмар ойындар, шетелдік қатысуы бар);
  4. OLIMP KZ букмекерлік кеңсесі – 80,2 миллиард теңге (Астана, 2006 жылы тіркелген, спорт саласындағы қызмет);
  5. GB Invest – 43,5 миллиард теңге (Алматы облысы, 2011 жылы тіркелген, бөлшек сауда);
  6. "Кастинг" ЖШС – 18,1 миллиард теңге (Алматы, 1999 жылы тіркелген, түсті металдарды құю, шетелдік қатысуы бар бірлескен кәсіпорын);
  7. "КазГерСтрой" бірлескен кәсіпорны – 8,9 миллиард теңге (Астана, 2004 жылы тіркелген, тұрғын үй құрылысы);
  8. "ПФД Интернэшнл" Атырау филиалы – 3,8 миллиард теңге (Атырау облысы, 2000 жылы тіркелген, шетелдік компания);
  9. "ФортСтрой-Т" – 3,69 миллиард теңге (Астана, 2020 жылы тіркелген, құрылыс-монтаж жұмыстары);
  10. GL-TRANSPORT – 3,59 миллиард теңге (Алматы, 1999 жылы тіркелген, автобуспен жолаушы тасымалдау).

Көп компания қазір белсенді емес, ашық ақпарат көздерінде олар жайлы мәлімет аз. Мысалы, "КазГерСтрой" – қазақстандық-германиялық бірлескен кәсіпорын. Бұл компания елордада бірнеше көшенің құрылысымен айналысып, Астана – Қарағанды – Балқаш – Алматы дәлізінің қайта жөндеу жұмыстарына да қатысқан.

Бұдан бөлек салық берешегі көлемі бойынша алғашқы бес өңір:

  1. Алматы қаласы – 369,9 миллиард теңге
  2. Алматы облысы – 151,5 миллиард теңге
  3. Астана қаласы – 53,1 миллиард теңге
  4. Қарағанды облысы – 45,9 миллиард теңге
  5. Ақтөбе облысы – 38,1 миллиард теңге.

Айта кетейік, 2024 жылы республикалық бюджетке 12,3 триллион теңге салық түскен, жоспар – 12,7 триллион теңге болған.


Қазақстанда салық төлемейтін шетелдік маркетплейстер бұғатталады


"Салық пен бизнесті әбігерге салғанша, банктерді қысайық": Ермұрат Бапи салықтан босатылғандарға қатысты ұсыныс айтты


Еске салайық, бұған дейін Қаржы министрлігі 2024 жылдың қорытындысы бойынша еліміздегі ең ірі 50 салық төлеушінің тізімін жасағанын жазған едік. Көш басында "Теңізшевройл", Karachaganak Petroleum Operating B.V., және "Маңғыстаумұнайгаз" секілді компаниялар бар.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 21 Сәуір, 2025 15:39
Талқылау