Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Банкке айналған бір жыл: KMF үшін не өзгерді, кәсіпкер үшін не өзгерді?

Бір жыл бұрын KMF микроқаржы ұйымынан банкке айналды. Бұл өзгеріс ұйымның жұмысына қалай әсер етті? Кәсіпкерлер үшін қандай мүмкіндіктер ашылды, алдағы уақытта қандай қызметтер қолжетімді болмақ? Осы сұрақтарға жауап алу үшін KMF Банк Басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповпен сұхбаттастық.

KMF Банк басқарма төрағасы Шалқар Жүсіповтің айтуынша, KMF тәуекелдер мен капиталды басқару жүйесін жетілдіріп, жұмыс үдерістері мен корпоративтік басқаруды банк талаптарына бейімдеді.

Ал клиенттер үшін басты өзгерістердің бірі – несие алумен шектелмей, басқа да банк қызметтерін пайдалану мүмкіндігі.
 
"Клиент KMF-тен ағымдағы шот немесе депозит ашып, төлем картасын пайдалана алады, телефон нөмірі арқылы ақша аудара алады және QR-кодпен төлем жасайды. Сонымен қатар банктің цифрлық сервистерін де қолдана алады. Біздің мақсатымыз өнім санын жай ғана көбейту емес. Ең маңыздысы, клиент өзінің негізгі қаржылай қажетін бір сенімді серіктес арқылы шеше алатындай жағдай жасау", – дейді KMF Банк басшысы.
 KMF Банк басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов
Фото: Фото: KMF Банк басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов

Алайда KMF-тің банкке айналуы оның негізгі клиенттерінен алыстағанын білдірмейді. Банк басшысының мәліметінше, клиенттердің шамамен 90%-ы – кәсіпкерлер, ал 65%-дан астамы ауылдық жерде тұрады.

 

Цифрлық қосымша да, сенімді маман да керек 

Шалқар Аманқосұлының сөзінше, цифрлық банк кәсіпкерге көп мүмкіндік береді. Бірақ кәсіпкерге тек операцияның жылдам орындалуы жеткіліксіз болуы мүмкін. Кей жағдайда оған кеңес, дұрыс қаржылай шешім таңдауға көмек немесе маманмен тікелей сөйлесу қажет. Сондықтан KMF Банк фиджитал-модельді дамытып жатыр.

"Оның мәні – цифрлық және дәстүрлі қызметтердің артықшылықтарын біріктіру. Біздің мақсатымыз – кәсіпкер күнделікті операцияларының көп бөлігін онлайн жасай алуы. Ал күрделі мәселе туындаса немесе кәсіби кеңес қажет болса, ол әрдайым біздің маманға жүгіне алуы керек", – дейді ол.

Төраға бұл әсіресе өңірлер мен ауылдық жерлер үшін маңызды екенін атап өтті. KMF Банк шамамен 4 мың елді мекенді қызметімен қамтып отыр, сондықтан цифрлық және физикалық қызмет бір-біріне балама емес, кәсіпкерге екі форматтың да артықшылығын беруі керек.

 

Жасанды интеллектіні де қолданады

Банк жасанды интеллектіні де жұмысына енгізіп жатыр. Ол несие өтінімдері мен құжаттарды талдауға, кепіл мүлкін бағалауға, клиентке лайық ұсыныстар әзірлеуге және кейбір операцияны автоматтандыруға қолданылады. Бұл технологиялар қызметкерлерді алмастыру үшін емес, олардың жұмысын жеңілдетіп, клиенттерге қызмет көрсету сапасын арттыру үшін енгізіліп отыр.

 

Кәсіпкер әйелдерді қолдайды

Банк басшысының айтуынша, КMF құрылғалы бері әйел кәсіпкерлермен серіктес болып келеді. Қазір клиенттердің 55%-дан астамы – әйелдер.

"Әйел кәсіпкерлермен көп жыл жұмыс істей келе түсінгенім, олар бизнесте өте жауапты және тәртіпті келеді. Көп жағдайда әйелдер кәсіпті тек табыс көзі ретінде емес, отбасының болашағын қамтамасыз етудің және тұрақты бизнес құрудың мүмкіндігі ретінде қарастырады. Бүгінде әйел кәсіпкерлердің мүмкіндігі одан әрі кеңейіп келеді. Олар тек дәстүрлі салалармен шектелмей, ауыл шаруашылығында, өндірісте, қызмет көрсету саласында және әлеуметтік жобаларда өз бизнесін дамытып жүр. Сондықтан біз үшін әйел кәсіпкерлерді қолдау тек қаржы беру емес. Бұл олардың бизнесін дамытуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына көмектесу", – дейді KMF Банк басшысы.
Фото: Кәсіпкер Майра Сейсингалиева

 

Жиырма жылдық серіктестік: іскер ханым Майра мен KMF Банк

KMF-пен кәсібін дөңгелеткен жандардың бірі – Майра Сейсингалиева. Бүгінде ол 8 гектар жерде құлпынай, 40 гектар жерде алма өсіріп, 40-қа жуық адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал 20 жыл бұрын оның кәсіп бастауға жететін қаражаты да болмаған.

"2000 жылдары жұмыс табу қиын кезде “Алтын Орда” базарынан сауда нүктесін аштым. Айналымға қаражат жетпей, бірнеше банкке несие сұрап бардым, бірақ көбі бас тартты. Тек KMF алғашқы 150 мың теңге несие берді. Сол ақшаны кәсібімнің айналымына салдым. Пайда көріп, қарызымды жауып, кәсібімді дөңгелетіп әкеттім. Кейін 500 мың теңге несие алып, құлпынай өсіріп, кәсібімді кеңейттім" , – дейді Майра Сейсингалиева.

Оның айтуынша, ол кезде әйелдердің кәсіпкерлікпен айналысқанына күмәнмен қарайтындар көп болған. 

"Ешкім қолдамаған кезде KMF бізге сеніп, қаржылай көмек көрсетті. Әлі күнге дейін қолдап келеді", – дейді кәсіпкер.

 

Кәсіпкермен бірге өсу

Содан бері Майраның кәсібі де өсті, оған қолдау көрсеткен ұйым да өзгерді. Бір жыл бұрын KMF микроқаржы ұйымынан банкке айналды. Кәсіпкердің пікірінше, бұл өзгеріс бизнесті кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

"Мұндай қаражат кәсіпті кеңейтуге, жаңа жұмыс орындарын ашуға және қызметкерлердің жалақысын төлеуге жұмсалады. Оның игілігін бір кәсіпкер ғана емес, тұтас ауыл көреді: жергілікті тұрғындар тұрақты жұмыспен қамтылып, отбасыларының тұрмысын жақсарта алады", – деп түйіндеді Майра.

Ал Шалқар Жүсіповтің сөзінше, KMF Банктің алдағы мақсаты – қызмет аясын кеңейтіп, әмбебап банкке айналу. Сонымен бірге банк кәсіпкерлерге бизнестің әр кезеңіндегі қаржылық қажеттіліктеріне сай қызмет ұсынуды жалғастырмақ. 

ҚНРДА 15.07.2026 жылы берген № 1.1.719.137 лицензия

Stan.kz
Бейсенбі, 29 Қазан, 2026 09:00